«Охотзоопром» инспекторларына жасалған шабуылды тергеу ісі ІІМ бақылауына алынды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақмола облысында «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК Орталық өңірлік филиалының инспекторларына жасалған шабуылды тергеу ісі ҚР Ішкі істер министрлігінің бақылауына алынды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА аталған ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғұмбаевтың тапсырмасына сәйкес, қастандықтың мән-жайын анықтау үшін Ақмола облысына Криминалдың полиция департаменті басшысының орынбасары бастаған ІІМ орталық аппаратының бір топ қызметкерлері жіберілді.

Қылмыскерлердің жүрген жерін анықтау және қолға түсіру бойынша жедел-іздестіру шаралары Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында, жеке құрам жұмыс істеп жатқан және полицияның қосымша бекеттері қойылған аумақтарда жалғасуда.

Оқиға орнының алшақ болуына байланысты тікұшақ жұмылдырылған. Сондай-ақ, аумақты тінту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, осыған дейін хабарлағанымыздай, 23 шілдеде шамамен сағат 11.00-де «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК Орталық өңірлік филиалының инспекторлары Ақмола облысы Жарқайың ауданында табиғатты қорғау заңнамасын бұзғандардың алдын алу шарасын жүргізген және киік ату фактісін анықтаған. Заң бұзушылардың ізіне түскен екі инспекторға қарсы оқ атылған. Соның салдарынан 1976 жылғы инспектор көз жұмса, 1975 жылғы әріптесі жараланып, Жарқайың аудандық аурханаға жатқызылды.

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы оқиғаға байланысты браконьерлердің қолынан қаза тапқан азаматтың отбасына көңіл айтты .

Ал ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев браконьерлер қолынан мерт болған инспектордың отбасына көңіл айтып, оның отбасына барлық қажетті көмектің көрсетілетіндігін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар