«Охотзоопром» басшылығы киік атқан инспекторлар туралы айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Киіктерді қорғау шаралары күшейген сайын қара нарықта бұл жануарға төленетін баға да өсіп келеді. Бұл туралы «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК бас директорының орынбасары Жаннат Таңсықбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның сөзіне қарағанда, «Охотзоопром» күшімен қорғалатын аумақ 123 млн гектарды құрап отыр. Кәсіпорында 5 өңірлік филиал жұмыс істейді және оның құрамында 220 инспектор, сондай-ақ жедел топтағы 36 инспектор қызмет етуде. Өткен жылы браконьерлерден 285 киік пен оның 339 мүйізі тәркіленді.

«Жасыратыны жоқ, браконьерлікке қатысы бар инспекторлар да кездесіп жатады. Биылғы 17 наурызда Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығының аумағында 108 киікті ату фактісі анықталды. Браконьерлер негізінен киіктің аталығын атқан. Олардың арасында біздің 2 инспектор да бар. Қазіргі кезде тергеу амалдары жалғасуда және күдікті инспекторлар ұсталды», - деді Ж. Таңсықбаев Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар ол жақында Батыс Қазақстан облысында қос тұрғын киік мүйіздерімен ұсталғанын еске салды.

Тексеру кезінде 2 адам мінген көліктен 10 дана киік мүйізі, пышақ пен ара, 2 қару және оқ-дәрі табылды. Анықталғандай, автокөлік салонында Қазталов ауданының тұрғыны мен «Охотзоопром» РМҚК инспекторы болған.

«Киіктерді қорғау шаралары күшейген сайын бұл жануарға деген сұраныс пен қара нарықта төленетін баға да өсіп келеді. Осы орайда мүйіздер өткізілетін жерлерді, контрабандалық желілерді жою шараларына екпін қою керек. Яғни сұраныс болмаса, онда ұсыныс та шектеледі. Сонымен қатар инспекторлардың еңбекақысын көтеру мәселесі де бүгінде өзекті болып тұр», - деді Жаннат Таңсықбаев.

Соңғы жаңалықтар