Өгей қызына сексуалдық сипаттағы зомбылық жасаған БҚО тұрғыны 22 жылға сотталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында өгей қызына сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаған Жақсыбай Сұлтановқа сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Бақыт Ермаханов мәлім еткеніндей, іс «TrueConf» мобильдік бейнебайналыс жүйесі арқылы жабық жағдайда қаралды.

«Бұдан бұрын қарақшылық және аса ірі мөлшердегі ұрлық жасағаны үшін екі рет сотталған 1982 жылғы Ж.Сұлтанов 2015 жылы шартты түрдегі жазамен босап шығып, 2008 жылғы қыздың анасымен танысқан. Содан 2016-2019 жылдары бірге тұрған. Шартты жазасын өтей жүріп, осы уақыт аралығында қызға қатысты жеті рет сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаған. Қыз оны айтуға қорыққан. Сотталушының айыбы іс құжаттарымен толық дәлелденді. Ол тергеу кезінде кінәсін ішінара мойындады», - деді Б.Ермаханов.

Сот жаза тағайындау кезінде қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамға қауiптiлiгін, кінәлінің жеке бас мәліметтерін, бұрын бірнеше рет сотты болғанын, жауаптылығы мен жазасын жеңiлдететiн мән-жайлардың жоқтығын, мемлекеттік айыптаушы мен заңды өкілдің сотталушыға 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған пікірлерін ескерді.

Ж.Сұлтанов ҚР ҚК-нің 121-бабы 4-бөлігімен кінәлі деп танылып, 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол сондай-ақ педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс жасауға байланысты қызметтермен айналысу құқығынан өмір бойына айырылды.

Қылмыстық кодекстің 60-бабы негізінде, 2013 жылғы 23 сәуірдегі үкім бойынша сотталушы жазасының өтелмеген бөлігінен 2 жыл мерзімін ішінара қосу арқылы Ж.Сұлтановқа түпкілікті 22 жыл кесілді.

Ол жазасын қауіпсіздік деңгейі төтенше қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады. Соның ішінде алғашқы бес жылын қауіпсіздігі толық қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.

Сонымен қатар сот білім беру мекемесі қызметкерлері мен шаруа қожалығы басшысының жауаптылығын тексеру үшін БҚО прокуратурасы атына жеке қаулы қабылдады.

Сот үкімі күшіне енген жоқ.


Соңғы жаңалықтар