Облыстың бас дәрігері ақмолалықтарды қашықтан жұмыс істеуге шақырды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы бойынша COVID-19 ауруының күрт өсуі байқалып отыр, ал Ақмола облысында мемлекеттік қызметшілер арасында сырқаттанғандар көптеп тіркелуде. Осы ретте, өңірдің Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықов шұғыл түрде ақмолалықтарды қашықтан жұмыс істеуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз әр мекеменің кіреберісінде сүзгіні орнатуды міндетті деп санаймыз, тіпті субфебрильді температура және суықтың кез келген белгілері бар адамдар жұмысқа жіберілмеуі керек. Барлық жұмыс берушілерден қызметкерлердің барынша көп санын қашықтан жұмыс істеу форматына көшіруді сұраймыз. «Омикрон» коронавирусының штамы өте жұқпалы, бір тасымалдаушы кем дегенде 7-8 адамға жұқтырады», - деді Н.Сыздықов.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы омикрон штамына тән белгілерді де атады. Бұл өңештің жыбырлауы, шаршау, әлсіздік, жайсыз сезіну және буындардағы ауырсыну, бас ауруы, 37-38 градус дене қызуы кейде бар, кейде болмауы мүмкін.

Н.Сыздықовтың айтуынша, қалыптасқан жағдайда бетперде режимін қатаң сақтау, үй-жайларды желдету және кварцтау қажет.

«Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің өңірді «қызыл» аймаққа көшіру жөніндегі қаулысы дайындалуда. Содан кейін қызметкерлердің 80 пайызы қашықтан жұмыс түріне ауысады. Вакцинациядан кейін алты және одан да көп ай уақыт өткен азаматтарды қашықтан жұмыс істеуге жіберу керек», - деп түсіндірді басқарма басшысы.

Айта кетсек, бүгінгі таңда 4471 ақмолалыққа Pfizer бірінші компоненті егілді. Вакцинацияланғандардың ішінде 3188 жасөспірім, 137 жүкті және 1146 бала емізетін әйел бар.


Соңғы жаңалықтар