Облыстық және аудандық жолдардың сапасы 75%-ға дейін өсті - ИИДМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2020 жылы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының сапасы 75%-ға дейін өсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап.

«2020 жылы құрылыс, қайта жаңарту және жөндеу жұмыстарымен облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 4 мың шақырымы қамтылды. Құны 238 миллиард теңге болатын 350 автожол жобасы жүзеге асырылған. Атап айтқанда, 39 шақырым жол салынды. Автожолдардың 199 шақырымы қайта жаңартылса, 541 шақырымы күрделі жөндеуден өтті. Ал жергілікті маңызы бар 3221 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілді», делінген хабарламада.
Іске асырылған ірі жобалардың қатарында Түркістан қаласындағы халықаралық әуежайға баратын жол бар. Бұдан бөлек, Ақтау теңіз курорт аймағында автомобиль жолын салу және қайта құру жүргізілуде. Сондай-ақ, республикалық маңызы бар қалалардағы көшелерді дамыту да жүзеге асырылған.
«Жыл қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесі 75%-ға жеткізілді. Былтыр бұл көрсеткіш 71% болатын. Атап өту керек, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары жергілікті атқарушы органдардың құзырында. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өз кезегінде жыл сайын жергілікті жолдар желісін дамытуға мақсатты трансферттерді паритеттік негізде, яғни 50/50 қылып бөлуде», делінген хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 70,9 мың шақырым. 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес облыстық және аудандық маңызы бар 27 мың шақырым жолды құрылыс жұмыстарымен қамту көзделген. Сондай-ақ, жолдардың 95%-ын жақсы және қанағаттанарлық жағдайға келтіру жоспарланып отыр.

Еске сала кетсек, былтыр Қазақстанда барлығы 9,8 мың шақырым жол жөнделген.



Соңғы жаңалықтар