Облыстар арасындағы автобустар қатынасы 5 маусымға дейін жанданады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазіргі кезде облысішілік бағыттар 10 өңірде жанданды. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде облысішілік бағыттар 10 өңірде жанданған, ал қалған 4 өңірде (Нұрсұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан басқа) биылдың 5 маусымына дейін қайта іске қосу жоспарлануда», - делінген ведомство мәліметінде.

Бұдан бөлек, облысаралық бағыттар 3 өңірде жанданды. Қалған өңірлерде бұл шаралар 5 маусымға дейін жүзеге асырылмақ.

Айта кетейік, ҚР Бас санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 10 мамырдағы қаулысының талаптарын ескере отырып, автобус бағдарларында жолаушылар тасымалын жүзеге асыру кезіндегі жұмыс алгоритмі әзірленді.

Осы орайда әкімдіктер санитарлық нормалардың сақталуын ескере отырып, тұрақты автобус тасымалдарын облысішілік (1379 бағыт) және облысаралық (313 бағыт) қатынаста биылғы 1 маусымынан бастап жандандыру жөніндегі жұмыстарды жүргізу қажеттілігі туралы ақпараттандырылды.

Бұған дейін Қазақстан қалалары арасындағы блокпостар алынатыны хабарланған болатын.

Әкімдіктер жолаушы тасымалы кезінде коронавирус инфекцияның таралуының алдын алуда тиімді болу үшін тасымалдау процесіне қатысушылардың осы алгоритмге сәйкестігін қамтамасыз етуге қажетті шараларды қабылдауы тиіс.



Соңғы жаңалықтар