Облыс орталығын Түркістанға көшірудің жергілікті халық үшін маңызы зор

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Облыс орталығын Шымкенттен киелі шаһарға көшіріп, атауын Түркістан деп қалдыру - үлкен тарихи оқиға. Түркістан қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы, Парасат орденінің иегері Жарылқасын Әзіретбергенұлы осылай деп пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Жалпы Түркістанның облыс орталығы атануы - қала тұрғындары ғана емес, бүкіл Қазақ елі үшін қуанышты жаңалық. Себебі, Түркістан - қазақ мемлекетін, қазақ хандығын құруда үлкен рөлі бар қала. ҚР Президенті Н. Назарбаевтың шешімімен Түркістан қаласын облыс орталығына көшіруі - біз үшін маңызы зор тарихи оқиға. Түркістанның облыс атауы ретінде қайта жаңғырып жатқаны бізді қуантады», - дейді Жарылқасын Әзіретбергенұлы.

Оның айтуынша, Түркістан Қазақ хандығының астанасы болған киелі мекен. Елбасымыз Түркістанды «бүкіл түркі халықтарының  рухани астанасы» деп атады. Бұл атау Түркістан қаласына үлкен абырой және соның арқасында бүкіл түркі тілдес халықтармен байланысымыз арта түспек.

«Хан ордасы болған Түркістан облыс орталығы ретінде қазақтың өркендеуіне өз үлесін қоса алады. Түркістан халқының атынан ҚР Президенті Н.Назарбаевқа облыс орталығын Түркістан қаласына көшіргені үшін мың да бір алғыс айтамын!», - деді ақсақалар алқасының төрағасы.

Естеріңізге сала кетейік, кеше Елбасы Н.Назарбаев Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесін беру және облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру туралы Жарлыққа қол қойған болатын.

Соңғы жаңалықтар