Облыс әкімі Түркістандағы тарихи орындарды қалпына келтіру барысын тексерді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістанның тарихи-мәдени орталығын қайта жаңғыртуға байланысты жұмыстардың барысын бақылап қайтты. Аймақ басшысы «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің даму жоспары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтап, жауаптыларға тиісті нұсқаулар берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңір басшысы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты «Хан мешіті», «Хан ордасы» және Күлтөбе қалашығын аралап көрді. «Жеті ата» мен «Дарбаза», «Мүсәлла», «Тәкия» қақпаларындағы жұмыстармен танысты. Аумағы 100 гектарға жететін абаттандыру алаңы мен Тұңғыш Президент бағының құрылысын бақылады. Жаңа жобаға сәйкес, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етушілер жаңадан салынып жатқан бау-бақшалы жасыл аумақпен жүріп өтеді. Мұнда түрлі жеміс-жидек ағаштары өсетін ботантикалық бау бой көтереді. Өмірзақ Естайұлы жобаның жұмыс жоспарымен танысып, бұл аумаққа алдағы кезде тұрақты киіз үй тұрғызуды тапсырды. Сондай-ақ, кесене маңында көшпенділер салты мен дәстүрінен ерекше сыр тартатын, ортағасырлық тұрмыстан айрықша көрініс беретін Этноауыл салынбақ.

Айта кетейік, кесененің 88,7 га құрайтын буферлі қорғау аймағында Рухани туризм орталығы құрылады. Ол жерден осы аумақта орналасқан барлық қастерлі орындарды тамашалауға болады. Халықаралық тәжірибенің ең озық үлгілерін назарға ала отырып, «Әзірет Сұлтан» кешенінің мүмкіндіктері кеңейтілуде. Осылайша Ұлы жібек жолы дәуірі тұсындағы келбеті қалпына келтірілмек. Кесенеден 700 метр қашықтықта тұрған Түркістан елді мекенінің ең ежелгі қалашығы - Күлтөбе ашық аспан астындағы музейге айналады деп жоспарланып отыр. Мавзолейдің мемориалды және саябақ аймағында Абылай хан, Жолбарыс хан, Қасым хан, Жәнібек батыр, Қазыбек бидің және т.б. жерленген орындар қоршалып, биіктетілген. Кесене мен Жеті Ата қақпасы арасындағы тарихи көлдің ойыстары қайта қалпына келтіріліп, тарихи мешітке апаратын жол, құдық және Ясауидің соңғы 20 жыл өмірін өткізген Қылуетке апаратын ортағасырлық рабаттар мен орталық көшелер қайта жаңғыртылып жатыр. Облыс басшысы сондай-ақ, қасиетті кесененің аймағында орын алған Қашқари гүлзарын аралап шықты. Нью-Йорк баспалдағының құрылысымен танысты. Ашық аспан астында өтетін думанды мерекелерге арналған жаңа орын Есімхан алаңында салынуда. Онда «Open Space» үлгісіндегі іс-шаралар, сан алуан сайыстар мен фестивальдер өткізілмек. Тұрғындар мұндағы үлкен экрандар арқылы фильмдер мен футбол ойындарын тамашалайтын болады.


Соңғы жаңалықтар