Облыс әкімі Павлодарда азық-түлік бағасын тұрақтандыруды тапсырды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Естай атындағы мәдениет сарайында Павлодар әкімі Қайрат Нүкеновтің тұрғындар алдындағы есептік кездесуі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Қала басшысы 2019 жылы облыс орталығында атқарылған жұмыс нәтижелерін ұсынды. Мәселен, қаланың өнеркәсіптік кәсіпорындарының былтырғы жалпы өнімі 802 млрд теңгені құрады. Бұл, 2018 жылғы көрсеткіштен 2% артық. Аграрлық секторда 2019 жылы 1 млрд теңгеден астам 5 инвестициялық жоба іске асты. Нәтижесінде 100-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 12 млрд теңгені немесе 2018 жылға қарағанда 116% құрады.

Есептік кездесуге қатысқан облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов Павлодар мен Нұр-Сұлтан қалаларының арасындағы азық-түлік белдеуінің орнатылмағанын сынға алды.

«Нарығымызды өз тауарларымызбен қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз бар. Кеше Екібастұзда болдым. Сонда өсірілетін қызанақ пен раушан гүлдерінің 80% экспортқа шығады. Осы орайда, бірінші кезекте өз тұтынушыларымызды сапалы әрі арзан ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуіміз қажет», - деді Әбілқайыр Сқақов.

Оның үстіне, өңір басшысы Павлода әкіміне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мақсатында түбегейлі іс-шараларды қолға алуды міндеттеді. 2019 жылы әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың 14-іне баға өскен. Осы орайда Әбілқайыр Сқақов делдалдарды шеттетіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен тікелей келісімшарт жасасу керектігіне назар аударды.


Соңғы жаңалықтар