Нюрнберг турнирі: Юлия Путинцева әлемнің 10-ракеткасын жеңді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева Нюрнберг турнирінің алғашқы айналымында әлемнің 10-ыншы, осы турнирдің бірінші ракеткасы, америкалық Слоан Стивенспен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеше басталып, аса тартысты өткен кездесуде бірінші партия 7:5 есебімен С.Стивенстің пайдасына шешілді.

Екінші партияда әлемдік рейтингте 93-інші орында тұрған Ю.Путинцева 6:4 есебімен есе қайырды.

Үшінші партияда есеп 3:3 болып тұрған мезетте матч кейінге қалдырылған болатын. Бүгін қайта жалғасқан бәсекеде Юлия өзінің геймін алумен бірге брейк жасап, 5:3 есебімен алға шықты. Әйтсе де өзі доп берген кезде кездесу тағдырын шешетіндей керемет  мүмкіндікті мүлт жіберді. Бұдан кейін Слоан таразы басын теңестірді - 5:5.  Есеп 6:5 болған мезгілде Путинцева матчболды пайдалана алмады. Тай-брейкте қазақстандық теннисші қарсыласының тауын қайтара білді - 7:3.

Осылайша 3 сағат 4 минутқа созылған кездесуде Ю.Путинцева әлемнің 10-ыншы ракеткасын ұтып кетті.

Қазақстандық теннисші екінші айналымда тағы бір америкалық теннисші, әлемнің 105-інші ракеткасы Элисон Рискемен кортқа шығады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанның бірінші ракеткасы Зарина Диястың Страсбург турниріндегі қарсыласы анықталғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, бүгін тағы бір қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин Лион турнирінде аргентиналық Федерико Кориамен күш сынасады.

Соңғы жаңалықтар