Нығматулин: Президент әлеуметтік қолдауларға және дағдарысқа қарсы шараларға ерекше назар аударып отыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған халықаралық конференцияда Елбасы мен Президент арасындағы сабақтастық тәжірибесі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз тілімізді, дінімізді, тарихымызды сақтай отырып, ұлы мақсатты алға қойған және соған жеткен, өзінің қазақстандық жолы қалыптасқан берекелі елміз. Бұл жолды әрбір азамат «Нұрсұлтанның нұрлы жолы» деп мақтайды және құрметтейді. Себебі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 30 жылдың ішінде экономикасы мықты, қоғамы тұрақты, халқы тату, мәртебесі биік, тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалады», - деген Нұрлан Нығматулин сол іргетасты қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бекіте түсетініне сенім білдірді.

«Бұл іргетасты одан әрі нығайту үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев саяси, әлеуметтік, экономикалық реформаларды қолға алып, нақты стратегиялық міндеттер қойды. Бір ел болып, бір халық болып осы алға қойған мақсаттарымызға абыроймен жетеміз деп сенеміз.

Қазірдің өзінде Президентіміз ең алдымен әлеуметтік қолдауларға және дағдарысқа қарсы шараларға ерекше назар аударып, еліміздегі басқа да барлық салалар бойынша нақты қадамдар жасауда. Осының бәрі абыройы асқақ, беделі зор мемлекетімізді одан әрі көркейтіп, жарқын болашаққа, кемел келешекке жеткізетіні сөзсіз», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы.


Соңғы жаңалықтар