Нығматулин депутат Сәпиевке: Мәжіліс шаршы алаң емес

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін жаңа қызметіне кіріскен депутат Серік Сәпиев ҚР Парламенті Мәжілісіндегі бірінші жұмыс күнінде "Дене шынықтыру және спорт туралы" заң жобасын талқылауға қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кеше ҚР Орталық сайлау комиссиясы «Нұр Отан» партиясының мүшесі Серік Жұманғалиұлы Сәпиевті  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде тіркеді. Осыған байланысты жаңадан қосылған әріптесімізге барлық депутаттардың атынан шын жүректен құттықтаймын. Жаңа жұмысыңызда үлкен табыстар тілеймін»,-деді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Айта кетейік, бүгін жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қарастырылуда.

«Олимпиада чемпионы бірінші жұмыс күнінде спорт туралы заң жобасын қарастыратын жалпы отырысқа қатысуы символдық мәнге ие. Серік, Мәжіліс шаршы алаң емес, алайда, осында да қызу «жекпе-жектер» болады. Сондықтан Мәжілісте бізбен бірге саған да жеңістер тілейміз», - деді Н. Нығматулин.

Естеріңізге сала кетейік, 28 ақпанда Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев Парламент Мәжілісінің депутаты болғандығы хабарланған еді. «Бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңының 46-, 97-1 және 98-баптарына сәйкес «Нұр Отан» партиясының Саяси кеңесі бюросының қаулысы негізінде Серік Жұманғалиұлы Сәпиевті Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты етіп тіркеу туралы шешім қабылданды»,-деп хабарланды сайлау комиссия таратқан ақпаратта.

 

Соңғы жаңалықтар