Нығматулин: Әркім өз саласында жұмыс істемегендіктен заң жобасына олқы нормалар енгізіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінде Салық кодексіне экология мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер жайлы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев баяндап, ең озық технологиясы бар кәсіпорындарды эмиссиялық төлемдерден босатуды ұсынған болатын.

Заң жобасын талқылау барысында депутат Артур Платонов Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұловқа сұрақ қойды.

«Заң жобасына сәйкес мемлекеттік кірістер органдары қоршаған ортаға келтірілген зиян бойынша эмиссиялық төлемге бақылау жүргізуге міндеттелген. Алайда қазіргі заңнамаға сәйкес бұл функциялар сіздерде жоқ. Сіздердің ведомстволарыңыз қоршаған ортаға келтірілген жағымсыз салдар үшін алынатын төлемнің әкімшілендіруін қалай жүргізеді? Сіздерде экология саласындағы маман да, эмиссияны орнында тексеру мүмкіндігі де жоқ қой», - деді депутат.

Сұраққа жауап берген Берік Шолпанқұлов бұл жұмыс уәкілетті органдармен бірге жүргізілетінін мәлім етті.

«Уәкілетті органдар тағайындаған айыппұлдар негізінде мемлекеттік кірістер комитеті ол қаражаттың бюджетке түсуін қадағалайды», - деді ол.

Қысқа жауапқа қанағаттанбаған Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин Платоновтың сұрағы басқаша қойылғанын ескертті.

«Қандай да бір эмиссия бойынша жұмыстың атқарылуын кім талдайды? Сұрақ осында. Бүгін біз осы отырыста мұндай мәселемен бетпе-бет келдік. Әлбетте әркім өз саласында жұмыс істемегендіктен осындай мәселе туындайды. Мысалы ауыл шаруашылығына келген әлгі маман (алдыңғы сұрақ бойынша отырысқа қатысқан вице-министр Руслан Манатаевқа қарата) банктерде жұмыс істепті. Ауыл шаруашылығы саласында бір күн де істемепті. Соңында заң жобасында осындай олқылықтар енгізіледі. Біреу бүгін заң жобасын оқымадық деп келіпті. Оқығаны былай тұрсын, оқыса да түсінбейді. Бір күн ауылда болған жоқ. Мәселе осында», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар