Нұржан Нүпбаев: Құтқарушы қандай жағдай болмасын салқынқандылық таныту керек

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Қиын жағдайға тап болғандарға көмек қолын созатын, тілсіз жаумен күресте алдыңғы қатарда тұратын құтқарушылар бүгін кәсіби мерекесін атап өтуде. Нұржан Нүпбаевтың осы мамандықты таңдап, тер төгіп жүргеніне 15 жылдан асқан. Семей қаласындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде аға өрт сөндіруші-құтқарушы болып жұмыс істейтін ол ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.

- Әңгімемізді туып-өскен жеріңізден бастасақ?

- 1983 жылы Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданы Қарамырза ауылында жарық дүние есігін аштым. Сондағы орта мектепті тәмәмдап, 2001-2003 жылдары аралығында Алматы облысында Отан алдындағы борышымды өтедім. Әскерден соң екі жыл ауылда болып, кейін Семей қаласындағы №46 өрт сөндіру бөліміне жұмысқа орналастым. 3 жыл өткенде бөлімше командирі болып тағайындалдым. 2013 жылы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне ауысып, осы уақытқа дейін сол жерде өрт сөндіруші-құтқарушы болып еңбек етіп келемін.

- Құтқарушының бір күні қалай өтеді?

- Әр күнде әр түрлі оқиғалар болып жатады. Мезгілге де байланысты. Қыс кезінде қала іргесіндегі тасжолдарға шығамыз. Қар құрсауында қалған адамдарды эвакуакциялап, көліктерді жол талғамайтын техникамен сүйрейміз. Былтыр «Алматы-Семей» тасжолының 30 шақырымында боран салдарынан 18 көлік жолда қалды. Хабар түсісімен дереу сол жерге аттандық. Ең әуелі 45 адамды қауіпсіз жерге көшірген соң, қайтып келіп автокөліктерді сүйреп жеткіздік.

Көктем шыққанда су тасқынының әлегі басталады. Көбінесе су басқан жер үйлерге барып, тұрғындарға көмектесеміз. Осы ретте, су сорғыш техникаларды қолданамыз.

Жол-көлік оқиғалары кезінде де бізге хабарласып жатады. Көлікке қыстырылып қалған адамдарды шығарып, жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырамыз. Сондай-ақ шұңғырға құлаған жануарларды құтқарамыз.

Үйде қамалып қалған балаларға көмектесу де – біздің міндет. Сондай бір оқиға биыл көктемде болды. Лермонтов көшесінде 2 бала балконда қамалып қалған-тұғын. 5 және 7 жастағы балақайлар жетінші қабаттың балконында тоңып тұрды. Есік іштен де ашылмай қалған. Сөйтіп, Мадияр есімді әріптесіміз 8-ші қабаттан жіп арқылы балконға түсіп, есікті ашты. Балалар аман-есен әжелерімен қауышты.

- Құтқарушының жұмысы қиын-ақ. Осы жолды таңдағаныңызға өкінген кездер болды ма?

- Жоқ. Еш өкінбеймін. Жұмысым өзіме ұнайды. Әрине, құтқарушы болу оңай емес. Қиындық пен түрлі қауіп-қатер көп. Биік ғимаратқа шыққанда екпінді жел үрейлендірсе, қыраулы қыста көлікпен көмекке асығыс ұмтылғанда көктайғақ қауіп төндіреді. Алайда біреуге пайдаң тиіп, елдің алғысын естігенде барлығын ұмытасың.

- Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз.

- Әйелім, 4 жасар қызым бар. Анам қолымда тұрады. Балапаным балабақшаға барады. Әулеттен өрт сөндіруші болған тек өзім ғанамын.

- Құтқарушы болу үшін қандай қасиет керек деп ойлайсыз?

- Осы мамандықты таңдаған адам шыдамды, еңбекқор және психологиялық тұрғыда мықты болу қажет. Кейбіреулер аяқ-қолы сыңған немесе қан-жоса болып жараланған адамдарды көргенде жүйкесі сыр беріп, жұмыстан шығып кетіп жатады. Құтқарушы қандай жағдай болмасын салқынқандылық таныту керек. Ешқашан эмоцияға ерік беруге болмайды. Себебі сенің қолыңда адам өмірі тұр. Жауапкершілікті сезініп, батыл қимылдай білу керек.

- Әңгімеңізге көп рахмет!


Соңғы жаңалықтар