Нұржан Әлтаевтың құжаттары ОСК отырысында қаралып, нақты шешім шығарылады - Мұхтар Ерман

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Мұқалмас» республикалық қоғамдық бірлестігінің атынан ҚР Президениттігіне ұсынылған Нұржан Әлтаевтың құжаттары ОСК отырысында қаралып, нақты шешім шығарылады.

Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман комиссияның брифингісінде осылай деп мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске салсақ, бұған дейін ОСК аталған үміткерді ұсыну туралы хаттама бұрмалану фактісіне тексеріліп жатқанын мәлімдеген болатын. Ал кеше лингвистикалық комиссия Нұржан Әлтаевтың мемлекеттік тілді еркін меңгергенін растап, тіркеді. Журналистер «Бұл Нұржан Әлтаевтың канидатурасы талапқа сай екені анықталды дегенді білдіре ме» деп сұрады.

«Кеше Әлтаев мырза лингвистикалық комиссияның отырысына қатысты. Емтиханның қорытындысы кеше бүкіл ақпарат құралдарына айтылған болатын. Комиссияның екі мүшесі келіп, біздің баспасөз орталығында қысқаша комментарий берді. Әлтаев мырза емтиханнан өтті. Енді осы үміткердің кандидаттық мәселесін, кеше де айтқандай, жеке отырыста қараймыз. Осы отырыстың уақытын сіздерге дер кезінде хабарлаймыз», - деді ОСК хатшысы.

«Бізге қандай да бір мәртебені белгілейтін құжат келіп түссе, оны отырыста қараймыз. Ол туралы сіздерге де айтылады», -деді ОСК өкілі.

Айта кету керек, кеше кезектен тыс президент сайлауына үміткер ұсыну мерзімі аяқталды. Үміткер атанып үлгергендердің саны -12. Оның үшеуі әйел. Орталық сайлау комиссиясы әзірге 5 үміткер бойынша ҚР Президенттігіне кандидатқа қойылатын талаптарға сәйкес деген қаулы қабылдады.



Соңғы жаңалықтар