Нұржан Әлтаев Абылай Мырзахметовтен ай сайын 5 мың доллар пара алған – Антикор

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қамауға алынған Нұржан Әлтаев «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтен пара ретінде ай сайын 5 000 доллар алып келген. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биылғы 7 маусымында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жасырын іс-шаралар кешенінің нәтижелері бойынша экс-вице-министр Н.Б. Әлтаевті аса ауыр жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұстады.

Н.Б. Әлтаев 2018-2019 жылдар аралығында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі бола тұра, жүйелі түрде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы А.И. Мырзахметовтен пара ретінде ай сайын 5 000 АҚШ доллары мөлшерінде ақша қаражатын алып отырды деп күдіктенеді.

Кейіннен Әлтаев 2019-2020 жылдар аралығында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты лауазымын атқара отырып, Мырзахметовтен пара алу бойынша өзінің сыбайлас жемқорлық қызметін жалғастырды. Жалпы алғанда, ол пара ретінде 135 000 АҚШ долларын алды. Бұл аса ірі көлем болып саналады.

Алынған паралар Нәтижелі жұмыспен қамтуға және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша мемлекеттік тапсырысты алуға жәрдемдесуге, сондай-ақ Әлтаев жетекшілік ететін салаларда Мырзахметовке жалпы қамқорлық және мүдделеріне лобби жасауға бағытталған», - делінген хабарламада.

Мәлім етілгендей, Нұржан Әлтаев жасаған қылмыс жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен, тиісті құжаттармен, заттай дәлелдемелермен, барлық қатысы бар адамдардың айғақтарымен және істің басқа материалдарымен расталды.

«Жиналған дәлелдемелерді ескере отырып, прокуратура органдарының келісімі бойынша Әлтаевтің әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 4-бөлігі бойынша сараланды.

Әлтаев Астана қаласы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұлтартпау шарасы бойынша мәселе шешілуде.

ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі», - делінген ведомство ақпаратында.

Еске салайық, 7 маусым күні экс-вице-министр Нұржан Әлтаев аса ауыр жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұсталғанын хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар