Нұртөре Жүсіп: Праймериз халықпен жұмысқа қабілетті жаңа толқынды саясат сахнасына шығарады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жақында «Nur Otan» партиясының праймеризінде дауыс беру басталады. Бұл айтулы іс-шараның елдің алдағы саяси өміріне әсері қандай? Праймеризден жұрт не күтеді? Осы және басқа да мәселелер төңірегінде праймериздегі ерекше күн қарсаңында белгілі қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіппен сұқбаттасып, пікірін білген едік.

-Сіздің Парламент Сенатының депутаты болғаныңызға да бір жылдан асыпты. Сенаторлық қызмет туралы айтсаңыз: Қай комитеттің мүшесісіз? Қандай сұрақтармен айналысасыз? Қызметіңіздің негізгі бағыттары қандай?

- Былтыр 12 тамызда Президент Жарлығымен Сенат депутаты болып тағайындалдым. Жалпы Сенаттың өзінде тұрақты алты комитет бар. Мен Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесімін. Комитеттің аты айтып тұрғандай, еліміздің өміріндегі ең өзекті сала бұл. Мұнда еңбек, денсаулық сақтау, білім және ғылым, мәдениет пен спорт саласына қатысты заңнамалық және басқа да мәселелелер қамтылады. Бүгінгі күннің тәртібіндегі нағыз «күйіп тұрған» мәселелер осы комитетте деуге болады.

- Комитетте қазір қандай заң жобаларымен жұмыс істеп жатырсыздар?

- Атқарушы билік тарапынан дайындалған заң жобалары Парламент Мәжілісі мақұлдаған соң Сенат қарауына келеді. Сенаттың қабылдауынан соң Мемлекет басшысы қол қойған жобалар заң күшіне енеді. Сессия басталғалы көп уақыт бола қойған жоқ қой. Қазір жұмысымыз шамалы саябырсып тұр. Алдағы қазан айынан бастап жұмыс қарқын алады. Күн сайын оншақты заң жобасы келіп түсетін кездер де болады. Дәл қазір әріптестеріммен бірлесе отырып «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасын қарап, талқылап жатырмыз.

- Депутаттық сауалдар туралы да айтып берсеңіз. Қай бағытта мәселе көтеріп жүрсіз?

- Сенат қабырғасындағы ең алғашқы депутаттық сауалым еліміздегі медицина кадрларын даярлау мәселесіне арналды. Денсаулық сақтаудың Біртұтас жүйесі халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын жақсартуға, профилактикалық шараларды кеңейтуге, дәрі-дәрмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге ықпал етіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев былтырғы Жолдауында «Үшжылдық бюджет аясында денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосымша 2,3 триллионнан астам теңге бөлінеді» деп мәлімдеді.

Осындай мемлекеттік қолдаудың арқасында қазір медицина саласының материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жақсарды. Емдеудің инновациялық технологиясы енгізіліп жатыр. 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» және 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламаларының пайдасын халқымыз көріп отыр. Қазіргі таңда Қазақстанда 230 мың медицина қызметкері бар, оның ішінде 70 мың дәрігер, 160 мыңнан астам орта медицина персоналы жұмыс істейді.

Әлем өзгерді: жаңа технология тез дамып жатыр, соған сәйкес қоғамның да сұраныс талабы артып отыр. Мыңдаған білікті дәрігер халқымыздың денсаулығын кірпік қақпай күзетіп тұрғанын да айтуымыз керек. Бірақ осы заманғы аппаратурасы бар ең жақсы материалдық-техникалық база дегеніңіз кәсіби мамандарсыз, адам факторынсыз құр әшейін темір ғана болып қалмақ. Іс жүзінде онымен жұмыс істейтін мықты маман табыла бермейді. Күнделікті өмірде науқас адамды емдеуден бұрын диагнозды дәл қою мәселесінің өткір тұрғандығын көріп жүрміз. Диагноз дұрыс қойылмағандықтан оның арты қаншама қайғылы жағдайға душар етуде. Бұған мысал да жетерлік.

Жыл сайын медицина саласына жоғары оқу орындарын бітірген жүздеген жас маман келеді. Солардың көбісінің қажетті білімі мен дағдысы, дәрігерлік машығы тиісті деңгейде емес. Олардың көбісі дербес жұмыс істеуге әзір болмай шығады, операция үстелінде бір сәт тұрып көрмеген, озық техникамен жұмыс істеуді білмейтін тәжірибесіз маманнан не күтуге болады? Тіпті иненің өзін дұрыс шанши алмайтындар да кездеседі.

Тиісті салаға маманданбаған жоғары оқу орындарында дәрігерлерді даярлау ісіне жол беріп отырмыз. Елдегі бірқатар педагогикалық, жекеменшік университеттер дәрігер кадрларын оқытуға көшті. Басқа салада эксперимент жасауға болатын шығар, бірақ дәл медицина саласында мұндай эксперимент жасауға болмайды. Дәрігерлерді тек қана осы салаға бағдарланған, терең тарихы мен заманауи мүмкіндігі зор, бұрыннан қалыптасқан университеттерде ғана оқыту қажет деп есептеймін. Қазір біз бұрынғы кеңес кезінде кемел білім алған дәрігерлердің игілігін көріп отырмыз. Олар кеткеннен кейінгі жағдай қалай болады? Сондықтан, профильді емес жоғары оқу орындарының жанынан медицина факультеттерін ашудың қандай қажеттігі бар? Мұндай факультеттердің клиникалық, қаржылық, ұйымдастырушылық мүмкіндіктері қаншалықты? «Кадр тапшылығын жоямыз» деп жүріп, біліксіз кадрлар қаптап кетсе күні ертең кім жауап береді? – деген мәселені көтердім, осы сұрақтардың жауабын құзыретті лауазым иесінен сұрадым. Сондай-ақ, білім беру, экологиялық тазалықты сақтау, кітап оқуды Ұлттық құндылықтар қатарына қосу туралы да депутаттық сауалдарым жарияланды.

Елбасы Н.Назарбаев алдағы праймериз туралы «Nur Otan» партиясын «қайта жандандырудың» маңызды бөлігі болып табылатынын, партияішілік демократияның заманауи тетіктерінің бірі екенін атап өткен еді. Әйтсе де бүгінгі қоғам «Мықты лидерлер – мықты партия» қағидаты бойынша шынайы және нағыз көшбасшыларды партия қатарына тарту, белсенді және бастамашыл азаматтар үшін «әлеуметтік лифт» құруға қаншалықты дайын?

–Елбасы «Бүкіл еліміз бойынша ауқымды праймериз өткізу биліктегі партияның «қайта жаңғыруының» нәтижесі болады» деді. Шынын айтуымыз керек, бұған дейін елімізде мұндай партияішілік іріктеу өткізілген жоқ. Халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылып жүрген партия белсенділерін ашық таңдаудың бұл тәсілі елдегі бастауыш партия ұйымына үлкен серпін беретіні сөзсіз. Праймериз өткізудегі басты мақсат – алдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына партиялық тізімдерге енгізу үшін қоғамның сенімі мен қолдауына ие болған беделді тұлғаларды анықтау. Яғни, партияның әр өңірде өткізетін ішкі сайлауы десек те болады. Праймериз арқылы партияда білек сыбана іске кірісетін белсенділер іріктеледі. Әрі халықтың партияға деген сенімін нығайта түспек. Бұл ел өміріне елеулі серпіліс әкеледі. Азаматтар өз қарым-қабілетін сынап көреді. Халықпен бетпе-бет жұмыс істеуге қабілетті жаңа толқынның саясат сахнасына шығатын күн алыс емес деп ойлаймын.

Праймеризге қатысуға «Nur Otan» партиясының мүшелерімен қатар қоғам өміріне бей-жай қарамайтын, дарынды, креативті барша қазақстандықтың мүмкіндігі бар. Осы ретте праймеризге қатысушылар саны көп болғанымен, сапасы қалай болар екен деген сауалдың туындайтыны анық.

–Сапасы дегенде, бір нәрсені анық ұғынуымыз қажет. Праймериз дегеніміз – демократияның көрінісі әрі әлеуметтік теңдікті қамтамасыз ететін ішкі саяси дода. Демек, қарапайым азаматты да, ертең мәжіліс, мәслихатта отыратын азаматты да әлеуметтік лифт арқылы қалыптастыруға болады деген сөз. Ол үшін идеясы бар, көшбасшы ретінде танылған, кез келген сәтте халықтың ортасынан табылатын, халықтың ішінен шыққан, жөн білетін азаматтардың партияға келгені жөн, аса құптарлық мәселе.

- Праймериз мықтыларды анықтайды десек, осы мәселеде белсенді жастардың билікке келуіне кедергі болатын әкімдермен қалай күресу керек?

–Праймериз ашық түрде, электронды, онлайн форматта жүргізіліп жатқандықтан «бармақ басты, көз қыстыға» жол берілмейді деп есептеймін. Кез келген адам интернет арқылы барлық жаңалықтарды бақылай алады. Қазір праймеризге кім қатысып жатқаны, кім ұсынылғаны, қай аудан, қай облыстан қандай кандидат бар, бәрі ашық көрсетіліп тұр. Бұл жерде сіз айтқан әкімдердің белсенді жастардың билікке келуіне кедергі жасайтын мүмкіндігі жоқ. Сондықтан праймериз әділ өтіп, «кіл мықтының ішінен кім мықты?» дейтініндей, кіл мықтылар оза шауып, партияда жаңару процесі жүзеге асады деген сенім мол.

–Праймериз ашық және әділ өтуі үшін қандай мәселелер назардан тыс қалмауы керек?

Праймериз дегеніміз – партия ішіндегі «айтыс» дедік қой. Бұл – іріктеу. Сараптау. Сүзгіден өткізу. Яғни, ертең сайлау науқаны басталғанда ел арасына шығып, қоғамды дамытуға арналған бағдарламасымен таныстырып, ашық пікірталас арқылы өздерін көрсете алатын тұлғалар қалыптасады. Өзіңіз білесіз, осы екі айдың соңғы екі аптасында ашық дебаттар жүргізілді. Осылайша үміткерлердің саяси ұстанымы мен ұсыныстары ел алдында ашық, жариялы түрде саяси пікірталаста анықталып та қалды. Суырылып шыққан мықтылар, елге сөзі өтетін беделділер партия атынан үміткерлер тізіміне ілінеді.

Тағы бір мәселе бар. Бізде әлеуметтік желідегі энергетика өте қуатты: жұрт кейде не болса соны сөз етіп, бөстекі әңгіме, желікпе жағдаяттарға ден қойып жатады. Енді осы нәрсе өзгеретін шығар деген үмітім де жоқ емес. Өйткенің қоғамның өз ішінде өзекті мәселелер аз емес. Мәселен, біз жер-жерде жергілікті бюджеттің қалыптасуын және орындалуын қадағалауымыз қажет. Әлеуметтік желідегі белсенділер осындай өмірлік мәселелерге бет бұрса жөн болар еді.

–Праймериз біздің елде алғаш өтіп жатыр. Десе де өзге өркениетті елдерде мұндай жолмен іріктеу жасау бұрыннан бар. Осындай тәжірибелерге сүйенсек, жалпы бұл жүйенің басты тиімділігі неде деп ойлайсыз?

–Бұл – Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер бастауы. Ең бастысы - ашықтық, еркіндік.Шын жүйріктер топқа түсетін дода болған соң, мұның қоғамға беретін тұсы да көп. Заман өзгерісі осындай үрдіске алып келді. Өркениетті қоғам құру басты мұратымыз болса, әлемдегі оңтайлы саяси технологияларды пайдаланғаннан ұтпасақ, ұтылмаймыз.

- Сұқбатыңызға рақмет!

Сұқбаттасқан: Әсем Ережеқызы


Соңғы жаңалықтар