Нұртөре Жүсіп Қызылорда облысының құрметті азаматы атанды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - ҚР Тәуелсіздік күніне орай бүгін Қызылордада өткен салтанатты шарада 48 қызылордалық мемлекеттік наградаға ие болды. Сондай-ақ, Сыр өңірінен шыққан үш азамат «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағына ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанатты шарада облыс әкімі Қырымбек Көшербаев тәуелсіздік жылдары Сыр өңірі экономика мен өнеркәсіптің барлық салаларында тұрақты өсімге қол жеткізгенін атап өтті.

«Сыр өңірі де Тәуелсіз Қазақстанның дамуына өз үлесін қосып келеді. Биыл барша әлемге танылған жетістігіміз - Қорқыт ата мұрасы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілді. Бұл - Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласына  сырбойылықтардың лайықты жауабы. 2018 жылғы қорытындысымен бойынша Қызылорда облысы бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдай жасаған ең үздік өңір деп танылды, - деді аймақ басшысы.

nullИндустрияландыру картасының бірінші және екінші бесжылдығы аясында жүзеге асырылған 22 жобаның бүгінгі күні 17-сі өнім шығаруды қамтамасыз етуде. Бағдарлама аясында ағымдағы жылы әк өндіретін зауыт жұмысын бастады. Ал 11 желтоқсанда жалпыұлттық телекөпір аясында тампонажды цемент өндіретін зауыт іске қосылды.

Облыста химиялық және тау-кен металлургиялық кластерлерді құру аясында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. «Шалқия» қорғасын-мырыш кеніші құрылысының алғашқы капсуласы салынды, сондай-ақ «Баласауысқандық» ванадий кен орнын игеру және кальцийлендірілген сода шығаратын зауыт салу жұмыстары жалғасуда.

Сонымен қатар, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде; ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 23 есе және тек биылғы жылдың өзінде 34,7%-ға өсті.null

Салтанатты жиында бірқатар қызылордалықтар кәсіби қызметтегі жетістіктері үшін мемлекеттік наградаға ие болды. Сыр өңірінен шыққан үш азамат «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағына ие болды. Олардың қатарында Қазақ ССР Балық шаруашылығы министрі қызметін атқарған мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Саржанов, химия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан мен КСРО еңбек сіңірген өнертапқышы Әбдуали Баешов және республикалық қоғамдық-саяси «Айқын» газетінің бас редакторы, жазушы, журналист Нұртөре Жүсіп бар.

Сондай-ақ, түрлі саладағы 48 адам Қазақстан Республикасының ордендерімен және медальдарымен, Құрмет грамоталарымен наградталды.

Соңғы жаңалықтар