Нұртөре Жүсіп: Дәстүрлі БАҚ - мемлекеттік тілдің қорғаушысы

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ сөзінің қайнарын сақтап отырған ол - дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары. Мұндай пікірді бүгін Astana Media Weeк аясында өтіп жатқан «Өңірлік БАҚ» форумында «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары газеттер, журналдар нарық жағдайына төтеп бере ала ма, өмір сүре ала ма, болашағы қалай болады деген мәселе туралы әлемде де, оның ішінде Қазақстанда да көптен бері әңгіме орын алып жатыр. Кейбір сарапшылар «газет-журналдар уақытпен бірге жылыстап шыға береді» дегенді айтады. Кейбіреулер «газеттердің күні бітті, өлді не болмаса жақында жаназасын шығарамыз» деген ниетте. Қалай өлтірмеуге болады?», - деді Нұртөре Жүсіп.

nullОның айтуынша Қазақстанда оқу мәдениеті қалыптасқан. Ал оқу мәдениеті өте үлкен құндылық, сауатты адамның іс-әрекеті. Адамзат баласы оқуды дүниетанымын кеңейту, рухани қазынасын кеңейту мақсатында ойлап тапқан.

  «Біздің қазіргі қоғамда ойлауды қойған адамдардың қатары көбейетін сияқты. Өйткені оқуды қойған адамдардың қатары көбейді. Газет те, кітап та оқылмайды. Сонда не үшін шығарып жатырмыз?  Қазақстанда жыл сайын мемлекеттік тапсырыспен әлеуметтік бағдарланған қаншама кітап шығады. Соларды кім оқып жатыр? «Мәдени мұра» аясында 100 томдық «Бабалар сөзі» атты ғаламат энциклопедиялық еңбек жинақталып, сөрелерге қойылды. Қазір бетін ашатын адам бар ма?», - деді ол.

Сонымен қатар газет басшысы қазақтілді басылымдардың мемлекеттік тілді дамытуға рөліне айрықша тоқталып өтті.

null«Қазақ сөзінің қайнарын сақтап отырған дәстүрлі БАҚ, қазақ тілін сақтап отырған осы газеттер мен журналдар. Интернет басылымдарға, жаңа медиаға менің ешқандай дауым жоқ. Бірақ ол жерде тілдің шұбарлануы, тілдік қорымыздың бұзылуы өте көп және оны күнделікті көріп жүрміз. Ал дәстүрлі БАҚ мемлекеттік тілдің қорғаушысы, бірден-бір сақтаушысы, бірден-бір шырақшысы деп айтуға болады. Дәстүрлі БАҚ-сыз мемлекеттік тілдің сақталуын, одан ары кемелденуін, дамуын көре алмаймыз, көз алдымызға елестете алмаймыз»,-  деді Нұртөре Жүсіп.

Соңғы жаңалықтар