Нұртай Сабильянов Семей полигонынан зардап шеккендер проблемасын көтерді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Семей полигонынан зардап шеккен адамдарға қолдау көрсету мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Абай облысының тұрғындарымен кездесулер кезінде Семей полигонында 40 жыл бойы жүргізілген ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғауды жетілдіруге байланысты мәселелер жиі көтерілді. Біріншіден, зейнетақыға үстемеақы алу құқығы ең жоғары радиациялық қауіпті аймақтарда тұрып жатқандарға және 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққандарға берілген. Ал радиациядан зардап шеге тұрып, басқа аймақтарға көшіп кеткен және зейнетке 1998 жылғы 1 қаңтардан кейін шыққандарда бұндай құқық жоқ», - деді Н. Сабильянов Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, полигоннан зардап шеккендердің барлығы кешенді медициналық тексерістен уақытылы өтпеген. Оларды жеке есепке алу ісі толық жүргізілмеген. Көпшілігі оңалту орталықтарына бара алмай отыр.

«Полигоннан зардап шеккен азаматтардың зейнетке шығу жасын төмендету – маңызды мәселелердің бірі. Халық әйелдерді 58 жастан зейнетке шығаруды талап етіп жатыр. Сонымен қатар, зардап шеккен азаматтардың көпшілігінің тұрақты жұмыс орны жоқ. Олар міндетті медициналық сақтандыру жарналарын төлей алмайды», - деді депутат.

Бұл айтылғандардың негізінде Н. Сабильянов мына мәселелерді қарастыруды сұрады:

- ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды міндетті медициналық сақтандыру жарналарын мемлекет атынан жүзеге асыру;

- зардап шеккен азаматтарға берілетін үстемеақылардың барлық түрлерін екі есеге ұлғайту және жыл сайынғы қосымша еңбек демалысына ақы төлеуге мемлекеттік қолдау көрсету.


Соңғы жаңалықтар