Нұртас Адамбай экологиялық амбассадор болып сайланады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада табиғатты қорғаумен айналысатын белсенділердің бірінші республикалық эко-слеті өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиынға республиканың түпкір-түпкірінен келген қоғам белсенділері, волонтерлер, мемлекеттік құрылымдар мен халықаралық ұйым өкілдері қатысты.

«Қазіргі кезде адамның табиғатпен ара қатынасы, біздің күнделікті тіршілігіміздің қоршаған ортаға әсері ерекше. Экологиялық санамызды өзгертпей, табиғатты құрдымға жіберіп алуымыз мүмкін. Волонтерлер жылында табиғатты қорғауға үлес қосып келе жатқан еріктілермен бас қосуды ұйғардық. Олар арнайы миинстрлік құрылмай жатып, қалалар мен аудандарды жақсартуға атсалысқан еді», - деді ҚР Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев слеттің ашылуында.

Сонымен бірге, министр «Birgemiz: Taza Álem» атты жалпыұлттық жобаны іске асыратындарын жеткізді.

«Өткен жылы «Birgemiz: Taza Álem» акциясын жүргізгенде, экология мәселелерінің қаншалықты өзекті екеніне көз жеткіздік. Бұл акцияға мыңдаған тұрғындар жиналып, есепсіз көп қоқыс жинадық. Жалпы қоғам экологиялық бастамаларды жалғап әкетуге дайын. Сондықтан, сондықтан экологиялық акцияны жалғастыруымыз қажет. Бүгінгі жиын арқылы әрбір еріктімен жеке танысып, жаңа бастамаларды талқылай аламыз. Қазақстанның әрбір өңірінен, бүкіл еліміздегі экологиялық бастамалардың жүзеге асырылуын қадағалап отыратын амбассадорларды белгілейміз. Олар өз өңірі бойынша экологиялық волонтерлерді жинап, «Таза әлем» науқанының белсенді жүргізілуіне септігін тигізеді», - деді министр.

Экология елшісі атанған еріктілер арасында танымал қазақстандық режиссер, продюсер Нұртас Адамбай бар.

«Мен қай планетада, қай мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды, ертеңгі күні ұрпақтарымызға қандай мұра қалдыратынымызды ұмытпайтын адамдар қатарында болғым келеді. Адам табиғаттан бөлек өмір сүре алмайды. Адам өзін Жердің қожайыны ретінде сезінсе, қатты қателеседі. Баршамыз жер бетіндегі қонақ екенімізді ұмытпауымыз керек. Бізге мұра боп жеткен дүниені аялап ұстауымыз қажет. Біздің еліміз арнайы министрлік құрып, өзекті мәселелерге көңіл аударды. Лас ауаны жұтып отырсақ, санамызда таза ой болмайды. Әрбір қазақстандық өз ортасында экология елшісі болуы тиіс», - деді Н. Адамбай.

Жалпы, жиында қоқыстарды сұрыптау, қатты-тұрмыстық қалдықтарды тұтынуды жəне олардың пайда болуын азайту, экологиялық сана мен тәрбиенің маңызы, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін сақтау, экологиялық заңды бұзушылармен күрес секілді маңызды мәелелер талқыланды.

Мәселен, минимализм ұстанымымен өмір сүретін эко-волонтер, мектеп оқушысы Аружан Сахарянова қоқыс мөлшерін азайтуды насихаттап жүр.

«Қазір Zero Waste (Қоқысты азайту) өмір салтын отбасым мен достарыма насихаттап жүрмін. Яғни, қоқысты қайта өңдеуге бергеннен, оның пайда болуын азайту тиімдірек. Мәселен, дүкендегі пластик пакеттерді қолданбай, шүберек дорба алып жүру, пластик бөтелкедегі суды сатып алмай, жеке бөтелкемен жүруге болады. Себебі, пластик ең кемі 500 жылда жойылады. Сонымен бірге, қоқысты күресінге лақтырмай, қайта өңдеуге апарамын. Жалпы, минимализм салтын ұстануға көшіп, табиғаттан тек керегімізді ғана алған жөн. Себебі, біз табиғатқа тек ресурс ретінде қараймыз, оның бір күні сарқылатынын ойламаймыз», - дейді Аружан.


Соңғы жаңалықтар