Нұрсұлтан Назарбаевтың атына мерекелік хаттар мен жеделхаттар келіп түсуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Елорда күніне және өзінің туған күніне орай мерекелік хаттар мен жеделхаттар келіп түсуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат Тұңғыш Президенттің ресми сайтына сілтеме жасап.

Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин өз жеделхатында Қазақстанның қазіргі тарихындағы аса маңызды белестердің барлығы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты екенін атап өтті. Владимир Путин Қазақстанның Тұңғыш Президенті өзінің ұзақ жылдар бойы атқарған мемлекеттік қызметінде отандастарының құрметіне бөленіп, халықаралық абыройға ие болғанын жеткізді. Ресей Федерациясының Президенті сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың интеграциялық бастамаларды жүзеге асырудағы рөліне тоқталды.

«Елдеріміз арасында одақтастық қатынастар мен стратегиялық ынтымақтастық орнатуға, сонымен қатар Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық процестерді ілгерілетуге Сіздің қосқан үлесіңіз зор», делінген Владимир Путиннің жеделхатында.

Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин екі ел халықтарының арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты тереңдетуге Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан үлесіне тоқталды. Ол Қазақстан мен Қытай арасындағы қазіргі мемлекетаралық қатынас тату көршіліктің үлгісі екенін атап өтті.

«Сіздің екіжақты қарым-қатынасты ілгерілету мен дамытуға қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймын», деген Си Цзиньпин Қазақстанның Тұңғыш Президентін кез келген уақытта Қытай елінің құрметті мейманы ретінде қарсы алатынын жеткізді.

Жылы лебізін білдіріп жеделхат жолдаған, Нұрсұлтан Назарбаевтың ел Президенті қызметіндегі рөліне жоғары баға берген басқа да шетел мемлекеттері мен үкіметтері басшыларының қатарында Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустин және басқалары бар.

Түрлі мемлекеттердің көшбасшылары Қазақстанның Тұңғыш Президентінің елдер арасында тату көршілік, стратегиялық ынтымақтастық және достық байланыстарды дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады.

Мерекелік құттықтауларда Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан тәуелсіздік жылдарында саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларда маңызды жетістіктерге жетіп, халықаралық қоғамдастықта лайықты орынға ие болғаны айтылған.

Ресей Федерациясының және алыс-жақын шетелдердің мемлекет және қоғам қайраткерлерінен көптеген хаттар келіп түсті. Онда Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Еуразия кеңістігінде ынтымақтастықты, тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға қосқан зор үлесі атап өтілген.

Жылдағы дәстүр бойынша қазақстандық саяси қайраткерлерден, отандық және шетелдік іскер топтар өкілдерінен құттықтаулар көп болды. Олар Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізде саяси тұрақтылық пен әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету жолындағы еңбегіне тоқталды.

Қазақстанның көрнекті қоғам қайраткерлері, ғылым мен шығармашылық интеллигенция өкілдері Қазақстанның Тұңғыш Президентін Елорда күнімен құттықтап, зор денсаулық тілеген жылы лебіздерін жеткізді. Бұл қатарда мәдениет қайраткері, опера әншісі М.Мудряк еліміздің гүлденуіне, халықтың әл-ауқатының жақсаруы жолында үлкен істер атқарған Қазақстанның Тұңғыш Президентін мақтан тұтатынын айтты.

Еліміздің және таяу шетел азаматтарынан Нұрсұлтан Назарбаевтың атына зор денсаулық пен сарқылмас күш-қуат тілеп, жылы лебіздерін жолдаған хат-хабарлар көптеп келді. Түрлі буын өкілдері мен кәсіп иелері Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан Президенті кезінде атқарған қызметі үшін алғыс білдірді. Олардың ішінде Нұр-Сұлтан қаласында тұратын апалы-сіңлілі Айжан мен Әлия Айтхожиналар Тұңғыш Президентті туған күнімен құттықтап, осындай әсем қала үшін шынайы алғыс сезімдерін білдірді. Ал Алматы облысының тұрғыны Н.Едігеева өзінің жылы лебізі мен шынайы тілектерін өлең жолдары арқылы жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев келіп түскен хат-хабарлармен танысып, барлық құттықтау хаттардың авторларына жылы сөздері мен ыстық тілектері үшін ризашылығын білдіреді.


Фото: elbasy.kz

Соңғы жаңалықтар