Нұрсұлтан Назарбаевта бұрынғы артықшылықтар болмайды – Ерлан Саиров

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевта бұрынғы басымдықтары болмайды. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысы Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл заңға тоқталсақ, осыған дейін Тұңғыш Президентте ауқымды басымдықтар болған еді. Осы орайда Праламент Мәжілісінде сөз сөйлеу, өзіне министрлерді шақырту, мемлекеттік органдарға сауалдар жолдау мүмкіндігі болды. Сондықтан бұл заңның күші жойылатынын ескере отырып, енді бұл саяси басымдықтары да болмайды», - деді Е. Саиров Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, экс-президент туыстарының заң алдында қандай да бір жауапкершілігі болса, онда тиісті жазасын алуы керек.

Сонымен қатар депутат Тұңғыш Президент мәртебесіне қатысты нормалар қамтылған 20 заң бар екенін, осы орайда ел заңнамасына ауқымды аудит жүргізілетінін айтты.

«Бұл құжаттарда Тұңғыш Президент еңбегі туралы мәселелер қамтылған. Тиісті аудит жүргізілгеннен кейін, бұл баптардың да күшін жою туралы бастама жасалады. Биыл Мәжіліс депутаттары тиісті жұмысты атқаратын болады. Нұрсұлтан Назарбаев елдің экс-президенті болып саналады. Оның қызметі Қазақстан Республикасының Президентi туралы Заңы аясында реттеледі. Бұл құжатта экс-президенттерге қатысты нақты баптар қамтылған», - деді Ерлан Саиров.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңның күшi жойылды деп тану туралы» Конституциялық заң қабылданды.

Аталған заң жобасы жалпыұлттық референдум нәтижесінде Қазақстан Конституциясына енгізілген өзгерістерді іске асыру мақсатында әзірленді.


Соңғы жаңалықтар