Нұрсұлтан Назарбаевпен әлі талай жұмысты бірге атқарамыз - Қазақстан студенттерінің альянсы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан студенттері альянсы Президенттің бүгінгі үндеуіне қатысты өз мәлімдемесін жасады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұйым басшысы Ілияс Түстікбаевтің айтуынша, бүгін альянс мүшелері жиналып, Мемлекет басшысының үндеуін бірге тыңдады. Әсіресе, жастарға арнап айтқан сөзі ешкімді бей-жай қалдырмады.

«Шыны керек, Президенттің айтқанын үлкен бір күйзеліспен қарсы алдық. Сонда да Нұрсұлтан Әбішұлының шешімін құрметтейміз. Елбасы сонау жас кезінен бастап ел басқару ісіне араласты. Сөйтіп, өзінің барлық жастық шағын Тәуелсіздігімізді алуға, Қазақстанды дамытуға, елімізді өсіп-өркендетуге арнады. Сол себепті бүгінгі үндеуінде жастарға баса назар аударып, бізге ерекше акцент жасады. Қазір жастар үшін барлық жағдай жасалған. Президент өзі де айтып кетті. Біз осынау дара жолды жалғастыруымыз қажет. Қазақстанды ары қарай дамытуымыз керек. Себебі еліміздің болашағы Тәуелсіздік жылдары дүниеге келген жастардың қолында», - деді І.Түстікбаев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Альянс жетекшісі Президенттің жастарға үнемі қолдау жасап келгенін де ерекше ата өтті. Мысалы, соңғы кезде 20 мың қосымша грант бөлінді. Жүздеген жатақxаналарды салуға тапсырма берілді. Студенттердің шәкіртақысы өсті. Бұдан бөлек, жастардың әлеуметтік мәселелері, тұрғын үй проблемасы шешіліп келеді. Бұның барлығы - Елбасының зор еңбегі. "Ол кісі бізге, жастарға, студенттерге әрдайым Елбасы, Тұңғыш Президент, Ұлт көшбасшысы болып қала береді. Енді, біз алдағы уақытта әлі талай жұмысты бірге атқарамыз деген ойдамыз. Себебі Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының Төрағасы, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болып қалады. Сол себепті біз Елбасымен алдағы уақытта әлі бірге жұмыс істейміз және өз тарапымыздан қолдап отырамыз", - деп атап көрсетті І.Түстікбаев.

Айта кетейік, бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан xалқына үндеу жолдап, өз өкілеттілігін тоқтатуға шешім қабылдағанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды уақытша басқаратынын жеткізді. Н.Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметін атқара береді.

Соңғы жаңалықтар