Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркістанды одан әрі дамыту жоспары таныстырылды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан қаласын одан әрі дамыту жоспарымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Тұңғыш Президенттің ресми сайтына сілтеме жасап.

Мәлім етілгендей, Нұрсұлтан Назарбаевқа «Керуен-сарай» кешені таныстырылып, «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы аумағындағы археологиялық зерттеулердің нәтижелері туралы мәлімет берілді. Сондай-ақ Елбасыға осы жылдың тамыз айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың хаттамалық тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асып жатқан басқа да жобалар туралы баяндалды.

Елбасы туристік және қала инфрақұрылымы құрылысының қарқыны жоғары екенін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 2018 жылы қабылдаған Түркістанды қайта түлету туралы шешіміне Қазақстан халқы қолдау білдіргенін айтты.

«Бүгін біз Түркістанның жаңа нысандарымен таныстық. Олар бүкіл Қазақстан мен әлемнен турист тартатын, тұрғындардың назарын аударатын көрнекті орынға айналады. Түркістанның ауқымды құрылысы тұтас өңірдің экономикалық дамуына зор септігін тигізіп отыр», – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев қаланың орналасқан жері, түркі әлемінің маңызды рухани орталықтарының бірі ретіндегі оның мәртебесі болашақта Орталық Азия елдерінің интеграциясына қызмет ететінін атап өтті.

«Түркістанда Түркітілдес елдердің саммитін өткізуді жоспарлаған болатынбыз. Әлемдегі күрделі ахуалға байланысты ол кейінге шегерілді. Егер бәрі ойдағыдай болса, оны Наурыз мерекесіне қарай өткіземіз деп ойлаймын», – деді Елбасы.

Сондай-ақ шара барысында туристік инфрақұрылым қалыптастыруды және көлік-логистикалық жобаларды іске асыруды жалғастыру қажеттігі сөз етілді.

Елбасы Түркістан қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы жағдай жасаудың маңыздылығына да тоқталды.

«Қала өсіп, халқының саны да арта түсетініне сенімдімін. Мұнда түрлі форумдар мен жастар жиындарын, спорт шараларын өткізіп тұру қажет. Осылайша, біз қаланы көпшілікке таныстырып, көрсетуіміз керек. Түркістанды қайта түлетудің біздің халқымыз үшін маңызы зор», – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев қала мен өңірдің одан әрі өсіп-өркендей беретініне сенім білдірді.

Соңында Елбасы БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізіп, «Қазақстанның рухани астанасының» жаңа «Визит-орталығында» орналасқан музейді аралады.


Соңғы жаңалықтар