Нұрсұлтан Назарбаев: Зиялы қауымды рухани мәселелерді шешуге жұмылдыру керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Зиялы қауымды рухани мәселелерді шешуге жұмылдыру керек. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халықпен нақты жұмыс жүргізу қағидатын жолға қою керек. Сайлаушылардың мүддесіне сай келетін бағдарламаларды қолға алу қажет. Бұл – әлемдік тәжірибе. Ал бізде қалай? Қазіргі таңда партия 24 жобамен, 200-ге жуық түрлі есеп берумен айналысып келеді. Оның барлығы – Үкіметтің жұмысы, партиянікі емес. Қаржыны, материалдық ресурстарды сол үшін рәсуа етеді. Сондықтан, партияның барлық жобаларын қайта қарау керек. Олар нақты әлеуметтік топтарға арналуы тиіс. Мемлекеттік органдардың жұмысын қайталамау керек. Партияның жұмысы басқа», - деді Елбасы «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында.

Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде партияның өзінде сәтті жобалары барын, олардың қатарында «Ардагерлерді ардақтайық» секілді жақсы жобалар барын тілге тиек етті.

«Көпбалалы аналар үшін «Бақытты отбасы» деген орталықтар ашылуда. Көбейтіп, солардың жұмысын жүргізу керек. Осындай тәжірибелерді жаппай енгізген жөн. Мәселен, «Мирас» қоғамдық кеңесінің әлеуетін пайдаланып, зиялы қауымды рухани мәселелерді шешуге жұмылдыру керек. Зиялы қауым дегеніміз отырып алып, мен жазушымын немесе композитормын деп, тек сынауменен ғана болу керек пе? Зиялы қауым – халықтың алдында жүретін, жол көрсететін бастаушысы болуы керек», - деді ол.

Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларын еске алды.

«Сондықтан, зиялы қауыммен бірге жұмыс жүргізу керек», - деді ол.

Айта кетсек, елордада ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар