Нұрсұлтан Назарбаев жастардың ажырасуына алаңдаушылық білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке жас отбасылар мәселесіне көңіл бөлуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Президент мектеп қабырғасында жоғары сынып оқушыларына отбасылық құндылықтарды үйретуді ұсынды.

«Жастарды отбасылық өмірдің жаңа әлеуметтік рөлдеріне дайындау керек. Мұны орта мектептің жоғары сыныптарында бастаған жөн. Бүкіл әлемде қалай тұрмысқа шығуды, отбасын құруды, өзін қалай ұстау керектігін үйретеді. Ал біз әлі ұялып жүрміз. Аналар институтын қолдаумен бірге, әкелер институтын да дамыту керек. Жас бозбалалардың бойына жауапкершілік сезімін дарытқан дұрыс. Бұл оңай шаруа емес. Бәріміз жас болдық .Махаббат құмарлықтан басталады. Бірақ, махаббат дегеніміз - бір-біріне деген қамқорлық. Екі адамның махаббатынан бала дүниеге келеді. Адамды бар болмысымен қабылдап, еркіндік беру - үлкен даналық», - деді Елбасы Астанада өткен Жастар жылының ашылуында.

Сонымен бірге, Президент жастарға отбасылық қарым-қатынаста психологиялық және әлеуметтік қолдау білдіру механизмдерін жасауды тапсырды.

«Бәрін алаңдатып отырған мәселе - жас шаңырақтардың күйреуі. Тәуелсіздік жылдары бір жарым миллион отбасы ажырасты, оның ширек бөлігі некенің алғашқы жылында-ақ кетіскен. Неге бұлай болғанын зерттеу керек. Әрине, келіспеушілік, қаржының жетіспеушлігі, баспананың болмауы, ата-анамен бірге тұру жағдайлары бар. Қоғам белсенділері, ғалымдар, БАҚ отбасы мәселесіне ерекше көңіл бөлуі керек. Отбасын құру - өте жауапты мәселе», - деді Президент.

Еске сала кетсек, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына биылғы Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған болатын.

Жастар жылына қатысты барлық ақпаратты «ҚазАқпарат» агенттігінің арнайы парақшасынан оқуға болады.

Соңғы жаңалықтар