Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің басты міндетін атады

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тау-кен саласын автоматтандыруға арналған үш жобаны іске қосты. Осы орайда Мемлекет басшысы алғашқы жобаларға үлкен жауапкершіліктің артылып жатқанына баса назар аударды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кеткен жөн, бүгін жалпыұлттық телекөпір барысында Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі «ақылды карьерді» ашса, «АК АЛТЫНАЛМАС» АҚ «цифрлық кенішті» іске қосты. Ал «Қазцинк» ЖШС Малеев кенішін автоматты басқару жобасын қолға алмақшы.

«Аталған үш жоба - тау-кен саласын цифрландырудың алғашқы қадамы. Сіздерге қарап, басқалар бой түзейді. Сондықтан осы жұмысты аяғына дейін жеткізулеріңіз керек. Ашығын айтсам, сіздер «ақылды карьер» мен  «цифрлық кеніштің» анықтамасын енді түсініп жатқан шығарсыздар. Алайда оның арғы жағында үлкен жұмыс жатыр. Цифрландыруды толығымен іске асыра алсақ, ел экономикасын 30 пайызға өсіруге болады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз сөзінде Мемлекет басшысы Үкіметтің «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын даярлап қойғанын жеткізді.

«Бізге цифрлық технологиялар жағынан артта қалмау керек. Бұл мәселені сөзбұйдаға айналдыруға да болмайды. Мен Үкіметке, министрлерге нақты тапсырма беремін, осы мәселені өзім бақылайтын боламын. Бұл - өте маңызды. Үкіметтің алдында тұрған басты міндет деуге болады. Оны іске асыра алса, жақсы. Ал істей алмаса, басқаларға орнын босатуы керек», - деп атап көрсетті Президент.

Соңғы жаңалықтар