Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет мүшелерін орындарынан тұрғызды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев протоколды бұзып, үстелдің төмен жағына жайғасқан Қаржы министрін жоғары отырғызды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Салық-бюджет саясатында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Дегенмен, көлеңкелі экономика күрес әлсіз жүргізіліп отыр. Мәселен, біздің кеденшілердің импорт көрсеткіштері қытай тарапының мәліметтерінен біршама айырмашылығы бар. Міндет - алдағы үш жылда көлеңкелі экономика көлемін кемінде 40 пайызға қысқарту», - деп атап өткен Елбасы осы мәселеге орай, Қаржы министрі Әлихан Смайыловты орнынан тұрғызды. Алайда Қаржы министрінің үстелдің соңында отыруы Мемлекет басшысының ашуын туғызды.

«Бақытжан (Үкімет басшысы Сағынтаев), Қаржы министрі үстелдің соңында емес, вице-премьерлерден кейін отыруы тиіс. Орны сол жерде. Әдетте Қаржы министрі Премьер-Министрдің орынбасары болады. Ал қарашы сен қайда отырғызғансың? Протоколды кім жасады? Мен қазір протоколды бұзамын», - деген Нұрсұлтан Назарбаев Қаржы министрін жоғары отыруға шақырды.

«Қожамжаровтан (Бас прокурор) бастап бәрің бір орынға жылжыңдар», - деп бұйырды Нұрсұлтан Назарбаев.

Осыдан кейін Қаржы министрі Үкімет басшысының орынбасары Ерболат Досаев пен Қайрат Қожамжаровтың арасындағы босаған орынға келді.

«Міне, оның орны. Бұл Қаржы министрі. Осындай қарым-қатынасымыз болғандықтан қаржы саламыз ақсап тұр», - деді Елбасы.

Соңғы жаңалықтар