Нұрсұлтан Назарбаев Түркістандағы «Farab» кітапханасын аралап көрді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Елбасы «Farab» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасына барды. Бұл туралы Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай twitter-дегі парақшасында жазды.

Нұрсұлтан Назарбаев «Farab» кітапханасының цифрлық өндіріс зертханасы жұмысының нәтижелерімен танысты, сондай-ақ сирек кітаптар мен манускрипт (көне заманғы қолжазба) залын аралап көрді.

Облыстық ғылыми-әмбебап «Farab» кітапханасында 480 мыңнан астам кітап қоры бар.

Мұнда сирек кездесетін оқулықтар аз емес. Мәселен кесенеге жүргізілген ең алғашқы зерттеу жұмыстары жайлы жазбалар да осында сақтаулы. Ауданы 2 600 шаршы метрлік үш қабатты ғимараттың сәулеті кітап беттеріне ұқсас етіп салынған.


«Кітапхана басқарушы компанияға берілген. Онда алаңсыз кітап оқып, адам рухани жағынан өз өзін дамытуға мүмкіндік мол. Оқырмандар үшін кітап оқу тегін. Балалар бұл жерде өздерін жан-жақты дамыта алады. «Farab кітапханасы» туристік орталықта орналасқан. Ата-аналар осы аралықта балаларын кітапханадағы қызметкерлерге алаңсыз қалдыра алады. Оларға ақылы түрде өте жоғары деңгейде қызмет түрлері көрсетіледі», - деді кітапхананың директоры Айко Төкен.

Жаңа кітапханада конференция залы, 100 орындық оқу залы, экспозиция, көрме залы, кітапхана мұражайы, кіші конференц-зал, балалар залы, ұлттық әдебиет орталығы, ассамблея, коворкинг (білім беру), әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы, Өнер залы, шетел тіліндегі әдебиет және абонементтер бөлімі, мерзімді басылымдар залы, Интернет-зал, IT технологиялар кабинеті және қор сақтау қоймасы бар. Бұдан бөлек киноконцерт залы, балалар балет студиясы, музыкалық үйірмелер, дыбыс жазу студиясы, театр студиясы да қарастырылған.


Соңғы жаңалықтар