Нұрсұлтан Назарбаев шетел елшілеріне елдің көлік-транзиттік әлеуетін таныстырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада Қазақстанда тіркелген дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың басшыларымен кездесу барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оларға еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде 180 миллионнан астам халқы бар Еуразиялық экономикалық одақ арасында өзара сауда және өндіріс көлемі жыл сайын ұлғаюда. Мамыр айында Астана экономикалық форумы барысында осы интеграциялық бірлестікпен Қытай арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық келісіміне қол қойылды. Біздің елдеріміз осыдан 5 жыл бұрын Назарбаев Университетінде тұңғыш рет жарияланған және бүгінгі күні «Бір белдеу, бір жол» стратегиясының құрамдас бөлігі саналатын Қазақстанның Жібек жолы экономикалық белдеу бағдарламасының белсенді қатысушысына айналды»,-  деді Елбасы.

ҚР Президентінің атап өтуінше,  Еуропа мен Азияны жалғап жатқан Қазақстан еуразиялық көлік-транзиттік хабтың  негізгі торабы саналады. Соңғы жылдары осы мәселені іске асыру  жолында Қазақстан 2500 шақырымнан астам темір жол салып, 12 мың шақырым автомобиль жолын қайтадан жөндеуден өткізді.

«Осының барлығы Қытайдан, Тынық мұхитынан бері қарай келетін жүктерді Қазақстан, Ресей арқылы Еуропаға дейін жеткізуді қамтамасыз етеді. Сондықтан «Бір белдеу, бір жол», Жаңа Жібек жолы өз жұмысын біз арқылы жүзеге асырып жатыр. Логистикалық инфрақұрылым дамып келеді. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік автомобиль дәлізі іске қосылды. Ақтау порты жаңадан салынды. Қытаймен шекарада Қорғас құрғақ порты ашылды. Биыл іске қосылған Құрық порты тиімді көлік-логистикалық бағыттарды қамтамасыз етеді. Қазақстан арқылы, Каспий теңізі арқылы Бакуге, одан ары Кавказ, Түркия арқылы Еуропаға шығуға  мүмкіндік береді»,- деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Соңғы жаңалықтар