Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзиёев бірнеше ірі жобаны іске асыруға уағдаласты

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат -  Қазақстан мен Өзбекстан бірнеше ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырады. Бұл туралы бүгін Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме жасау барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ташкенттен.

«Инвестициялық  серіктестікті кеңейту қажеттігіне назар аудардық. Орта мерзімді келешекте бірлескен 2-3 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруға уағдаластық. Біздің елдеріміздің газ саласындағы ынтымақтастығын тиімді дамыту керек. Бұл салада өзара серіктестікті кеңейту үшін айтарлықтай әлеует бар.  Біз Үкіметтерге екі тараптың да мүддесін ескере отырып, жаңа газ жобаларын әзірлеуді тапсырдық», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мұнан бөлек, Қазақстан Президенті Өзбекстан мұнай өңдеу зауыттарына шикі қара алтынды жеткізуге қызығушылық танытып отырғанын баса айтты.

«Ресеймен бірге бұл мәселені қарастырып, оларды біртіндеп шешетін боламыз. Біз үш мұнай өңдеу зауытын жаңғыртуды аяқтаймыз, сонда Өзбекстанға миллион тонна көлемінде дайын мұнай өнімдерін жеткізуге мүмкіндік пайда болады», - деді Елбасы.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Өзбекстан ғарыш индустриясын дамыту саласында да белсенді жұмыстар жүргізетіндігін атап өтті.

«Бұл салада да өзара тиімді байланысты жолға қоямыз. Қазақстандық спутниктер Өзбекстан үшін жерді зондтай алады және бұқаралық ақпарат құралдары үшін де қазіргіден біршама арзанға түседі», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар