Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия елдерінің қарым-қатынасына баға берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2019 жылдың сәуірінде Ташкентте Орталық Азия елдері Президенттерінің кездесуі өтеді. Бұл туралы бүгін Ақордада Қазақстанда тіркелген дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың басшыларымен кездесу барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы жылдың наурыз айында Астанада өткен Орталық Азия  мемлекеттері басшыларының бірінші консультативтік кездесуінен кейін өңіраралық ықпалдастық едәуір жанданды. Аймақтағы елдердің барлық Президенттері қысқа мерзім ішінде өзара сапарлар алмасып, кездесулер өткізді. Қазіргі таңда мемлекеттер арасында екіжақты сауда ісіне қатысты кедергілердің бәрі жойылды. Өзбекстан мемлекеті кейінгі кезде өз көршілерімен көптен бері реттелмей келген шекара мәселесін шешті. Шиеленісіп кеткен жағдай Тәжікстанмен болған. Ол мәселе шешілді, Қырғызстанмен арадағы мәселе шешілді. Олардың шешілмей келе жатқан шекара мәселесі де шешімін тауып, қарым-қатынас жанданды. Жалпы Орталық Азиядағы әл-ахуал түзеліп, сауда-саттық жылдан-жылға өсіп келеді», - деп атап өтті Елбасы.

Мемлеке басшысының айтуынша, көрші елдер арасында сенім артты, сауда көлемі көбейді. Қарым-қатынастың барлығы жақсарды. Көлік қатынасы оңтайланып, жаңа әуе, темір жол бағыттары ашылды. Жүйелі түрде бизнес және өңіраралық форумдар өткізіліп, біріккен сауда үйлері мен жаңа өндіріс орындары іске қосылуда.

«Бір жылдың ішінде ғана Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда ауқымы 2 есе көбейіп, 3 млрд долларға жетті. Жақын арада 5 млрд долларға жеткіземіз деген мақсат қойып отырмыз»,-  деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы Орталық Азия елдері арасында шекара мәселесіне қатысты да жұмыстар белсенді жүргізілгенін айтты.

«Атап айтқанда, өткен жылы Қазақстан Түрікменстанмен, Қырғызстанмен  мемлекеттік шекараны демаркациялау жөніндегі келісімге қол қойып, осы елдермен арадағы шекараны рәсімдеу жұмыстарын түгелдей аяқтайтын болады. Сондай-ақ Қазақстанның төңірегіндегі барлық шекаралар  барлық құқығы жөнінен өз шешімін тауып отыр. Сонымен қатар 2017 жылы Қазақстан, Түрікменстан, Өзбекстан шекараларының түйісу нүктесі жөніндегі де шарт жасалды. Жақында біз құжатты ратификацияладық. Сонымен қатар Астанада кездесудің қорытындысы бойынша Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кездесуін тұрақты түрде өткізу туралы шешім қабылданды. Ендігі жылы сәуір айында Ташкентте бұл кездесу өтеді. Содан кейін жыл сайын кездесу болып тұратынына келістік»,- деді ҚР Президенті.

 

Соңғы жаңалықтар