Нұрсұлтан Назарбаев орталығы мен ҚР Ұлттық музейі меморандумға қол қойды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұрсұлтан Назарбаев орталығы мен ҚР Ұлттық музейі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәдени, рухани, өркениетаралық, дінаралық диалог пен келісім саласындағы әріптестікті нығайту мақсатында 2021 жылдың 2 сәуірде Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Нұрсұлтан Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев пен Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Тараптар жалпы рухани құндылықтарға сүйене отырып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен және Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың қолдауымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің идеяларын іс жүзінде ілгерілету үшін серіктестікті дамытуға ниетті. Сонымен қатар, Қазақ халқының рухани және тарихи мұраларын нығайтуға бағытталған ғылыми және мәдени-ағарту жобаларын, мұражай көрмелерін, экспозицияларын, экскурсияларын, сондай-ақ, халықаралық және аймақтық қауіпсіздік саласындағы Қазақстан Республикасының сыртқы саяси бастамаларын дамытуға уағдаласты.

Меморандум аясында Қазақстандағы діндер тарихы, әлемдік ислам тарихы және басқа конфессиялар туралы арнайы тақырыптық көрме, бірлескен жобалар, консультациялар, дінаралық және конфессияаралық диалог, теология, тарих, өнер, музей саласындағы халықаралық, республикалық конференциялар, семинарлар мен симпозиумдар, сондай-ақ Н.Назарбаев орталығының серіктестерін, шетелдік қонақтарды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған тақырыптық көрмелермен таныстыру жұмыстары жүзеге аспақшы.

Жүйелік негізде ғылыми ақпарат, сараптамалық, тарихи материалдармен, сондай-ақ әдебиет, библиографиялық басылымдармен алмасу жоспарлануда.

Меморандумға қол қою барысында Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев елдің өткені, бүгіні мен болашағы ең алдымен ұлт бірлігімен өлшенетінін, қазақ халқы өз жерінде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдерін қабылдап, 18 конфессияның ортақ үйіне айналғанын айтты.

«Қазақстан бүгінде қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің әлемдік моделіне айналды деп айтуға негіз бар. Толеранттылық, кез-келген конфессияның өкілдеріне құрметпен қарау, діндер, конфессияаралық диалог пен Қазақстан аумағында келісімді дамыту - бұл Тәуелсіздіктің 30 жылында жеткен ең үлкен жетістіктердің бірі. Бұл бағытта әлемде конфессияаралық, өркениетаралық диалогты сақтауға және қамтамасыз етуге бағытталған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызды рөлін атап өткен жөн. Қазіргі уақытта Ұлттық музей Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын сақтауда ерекше орын алады. Қазақстан тарихының шежіресін терең білуге ​​ықпал ететін бірегей туындылардың жас ұрпақ үшін маңызы зор деп сеніммен айта аламыз. Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою арқылы біз толеранттылық идеяларын ілгерілетуге, діндер арасындағы диалог пен шығармашылықты дамытуға зор үлес қосатынымызға сенімдімін», - деді өз сөзінде Болат Сәрсенбаев.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің аймақтық және халықаралық деңгейде, Тәуелсіздіктің 30 жылындағы Қазақстан тарихын кеңінен насихаттауға, жалпыадамзаттық және рухани құндылықтарды нығайту бойынша мақсатты жобаларды жүзеге асыруға дайын екендігін білдірді.


Соңғы жаңалықтар