Нұрсұлтан Назарбаев облыс әкімдеріне бюджет қаражатын үнемдеп жұмсауды тапсырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Үкіметінің кеңейтілген құрамдағы отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облыс әкімдеріне бюджеттен бөлінген қаражатты үнеммен қарауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кейбір өңірлер жаңа тұрғын үй алаптарын сала бастады. Бұл жақсы. Бірақ, инфрақұрылымнан шалғайда салып, қаражатты тиімсіз жұмсап жатыр. Қазір бүкіл әлемде қала құрылысы тығыз салу арқылы жүргізіліп жатыр. Өйткені, ол жерде коммуникация, ыстық, суық су бар. Айдалаға салсаң, ол жаққа құбыр тартып, жол салуың керек. Мәселен, Қызылорданың сол жағалауы деген шықты. Астанада сол жағалау болса, онда да сол жағалау болуы тиіс сияқты. Біз адамдарды инфрақұрылымға қарай дейміз, керісінше емес. Салдың. Ал енді салғаннан кейін көпір, ЖЭС салу керек, құбыр тартып су апаруың керек. Ал Қызылорданың оң жағалауында жер жоқ па? Қарағандыға дейін салам десең қаншама жер бар», - деді Елбасы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевқа.

Ос кезегінде облыс басшысы қала құрылысы бас жоспарға сай салынып жатқанын айтып ақталды. Алайда өңір басшысының мұндай жауабы Мемлекет басшысының көңілінен шыққан жоқ.

«Қайдағы бас жоспар? Бас жоспарды біз жасаймыз, өзгерту енгіземіз. Менің оған қарсылығым жоқ. Алайда қарау керек қой, қаншама қаржы жұмсалып жатыр. Енді Павлодар, Өскемен, Орал салсын. Қосымша баспана салғанның орнына құбыр тартып, жол мен көпір салып жүрміз. Мемлекеттің ақшасын неге үнемдемейсіңдер», - деді Нұрсұлтан Назарбаев әкімдерге қарата.

Соңғы жаңалықтар