Нұрсұлтан Назарбаев Nokia компаниясының басшысымен кездесті

None
None
ХЕЛЬСИНКИ. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Финляндияға ресми сапары аясында Нокиа компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы Ристо Сииласмаамен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпараттың арнаулы тілшісі Хельсинкиден.

Мемлекет басшысы 2007 жылдан бастап «Нокиа» Қазақстанмен жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар бүгінде бұл компания активінің 23 млрд долларға дейін көтерілгендігін атап өткен Елбасы Ристо Сииласмаадан Қазақстанмен ынтымақтастықта қандай жоспары бар екенін сұрады.

«Президент мырза, Финляндияға қош келдіңіз. Сіз Нокианы әлемде ең танымал деп атадыңыз. Дегенмен, Сізде әлемде өте танымал әрі технологиялар құндылығын жете түсінетін елеулі Мемлекет басшыларының бірісіз. Сізді цифрлық технологияларға жіті назар аударатындығыңызды өте жақсы білемін», - деді өз кезегінде Ристо Сииласмаа.

Нұрсұлтан Назарбаев елімізде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы жан-жақты қолға алынып, ірі кәсіпорындарда, әлеуметтік нысандарда енгізіліп жатқанын, осы орайда «Нокиа» компаниясымен ынтымақтастықтың тиімді тұстары көп екенін атап өтті.

 «Нокиа» басшысы Қазақстанның «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын тыңғылықты зерделегендіктерін және ынтымақтастыққа дайын екендігін жеткізді.

«Өйткені, бұл Нокианың басты мақсаты саналады. Біз қосалқы бөлшектерден бастап нақты өнімге дейінгі толық циклді өндіреміз. Бүгінде әлемде мұндай толық циклді жолға қойғанымен екі-ақ компания мақтана алады. Оның бірі Қытайдың «Хуавей» компаниясы және «Нокиа». Президент мырза, біздің жаңа жоспарымыз жайында сұраған едіңіз, ол 5G желісімен тікелей байланысты», - деді фин компаниясының басшысы.
null 

Естеріңізге сала кетсек, бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Финляндияға келді.

Сапар аясында Нұрсұлтан Назарбаевтың Финляндия Республикасының Президенті Саули Ниинистёмен шағын және кеңейтілген құрамдағы кездесуі, сондай-ақ Финляндияның іскер топтар өкілдерінің форумына қатысуы жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Nokia Corporation ұялы телефондар, ұялы телефондар мен планшеттерге арналған бағдарламалар, сонымен қатар кеңжолақты және ІР-желілер үшін телекоммуникациялық жабдықтар шығарумен айналысатын финнің трансұлттық компаниясы саналады. 1998 жылы «Нокиа» ұялы телефондар саласында әлемдік көшбасы ретінде танылды.

 Айта кетерлігі, 1996 жылдан 2001 жылға дейінгі аралықта компанияның қаржылық айналымы 6,5 млрд еуродан 31 млрд еуроға дейін артты. 2011-2012 жылдары компанияның ұялы телефондардың жаһандық нарығындағы үлесі шамамен 30 пайызды құрады. Бүгінде «Нокиа» ғылыми-зерттеу жұмыстарына ден қойып отыр. Оның зерттеу орталықтары әлемнің 16 елінде орналасқан. Бүгінде қызметкерлерінің саны 100 мыңнан асып жығылады.

Соңғы жаңалықтар