Нұрсұлтан Назарбаев: Қазақстаннан басқа ешқайда барғым келмейді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ЖОО түлектеріне зор сенім артатынын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Барлығына табыс тілеймін. Сапалы білім жарқын болашаққа жол ашады. Университетте алған білімді тәжірибе жүзінде іске асырып, ел игілігі үшін қызмет ететін кез келді. Қадамдарыңыз құтты болсын. Баршаңызға сәттілік, баянды бақыт тілеймін. Айтатын сөз біреу-ақ: осы университеттің қабырғасынан ұшып шығып, Қазақсанның түлегі болып жер жүзін шарлайтын боласыздар. Қайда жүрсеңдер де ұмытпаңдар - біздің бүкіл дүниеде жалғыз Отанымыз бар. Ол - Қазақстан. Солай ғой!?» - деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Елбасы ретінде көп нәрселерді қайта ойлап жүргенін атап өтті.

«Ойлағанымды тұжырымдап, елге қызмет ету жайын ойластырып жүрмін. Мен дүниенің барлық мемлекеттерін аралаған адаммын. Өмірімде 200-ден артық президентпен кездестім. Премьерлермен, ғалымдармен, саясаткерлермен жүздестім. Дүниенің барлық әдемі жерінде болдым. Соның бәрін аралағанмен, қазір шынымды айтсам, Қазақстаннан басқа ешқайда барғым келмейді. Демалысқа да. Қазақстанда қазір бәрі бар. Былтыр арнайы аралап, көп жерді көрдім. Қазақстандықтардың көбі теңізге барады. Каспий теңізінде қазір үлкен кешен тұрғызып, 4-5 жұлдызды қонақ үйлер салынады. Ол ешқайсысынан кем болмайды. Алакөл мен Бурабай да сол. Алматы облысында тау-шаңғылы кешен ашылғалы жатыр», - деді ол.

Елбасы елді көркейтіп, туристік нысандарды дамыта берсек, шетелдіктер көп келетінін атап өтті.

«Осы университетке де шетелдік студенттерді шақырып отырмын. Олар әлі біле бермейді. Бірақ, білетін болады. Себебі, сіздер осы университеттің атағын шығарасыздар деп сенемін», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Еске сала кетсек, Назарбаев университетінде салтанатты түрде V оқу бітіру рәсімі өтіп жатыр. Биыл аталмыш университеттегі түлектер саны - 963 студент. Оның ішінде 565 студент - бакалавриат, 378 студент - магистратура, 14-і - медицина докторы және 6 студент - докторантура бағдарламасы бойынша оқу бітіріп жатыр.

Түлектердің көпшілігі - Ғылым және технологиялар мектебінің (270 түлек), Инженерия мектебінің (225 түлек), Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебінің (168) бакалавриат бағдарламасының студенттері. Магистрлік бағдарлама бойынша Жоғары бизнес мектебін - 82 студент, Жоғары білім беру мектебін - 80 түлек, Жоғарғы мемлекеттік саясат мектебін - 49 түлек, Инженерия мектебін - 70 түлек, Ғылым және технологиялар мектебін - 34 түлек, Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебін - 19 түлек, Медицина мектебін - 27 түлек, Тау-кен ісі және Жер туралы ғылым мектебін - 20 түлек аяқтаған.

Соңғы жаңалықтар