Нұрсұлтан Назарбаев: Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетті басқаруға нағыз лайықты адам

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев республикалық телеарналар арқылы Қазақстан халқына арналған мәлімдемесінде ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды уақытша басқаратынын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елбасы сөзінде Қазақстандағы билік сабақтастығы конституциялық тұрғыдан реттелгендігін жеткізді.

"Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда оның өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін Сенат төрағасына беріледі. Содан кейін жаңа Президент сайлауы болады. Қазір Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Оны Сіздер жақсы білесіздер. Ол Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының түлегі, ғылым докторы. Ағылшын және қытай тілдерін еркін меңгерген. Басшылық лауазымдарда қызмет етіп, мол тәжірибе жинады",-деді Елбасы.

Осы ретте ол еліміздің сыртқы саясатының қалыптасу жылдарында Қ.Тоқаевтың Сыртқы істер министрі, Премьер-Министрдің орынбасары және Премьер-Министр, Сенат Төрағасы болғандығын, елімізді, оның экономикасы мен саясатын жетік білетіндігін атап өтті.

"Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары болып жұмыс істеді. Бұл - оның дипломат ретінде сіңірген еңбегінің және Қазақстанға деген зор сенімнің жемісі. Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап менімен бірге жұмыс істеп келеді. Мен оны жақсы білемін. Ол - адал әрі жауапкершілігі жоғары азамат. Еліміздің ішкі және сыртқы саясатын жан-жақты сезінеді. Ол барлық бағдарламаларды әзірлеуге және қабылдауға атсалысты. Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанды басқаруға нағыз лайықты азамат деп сенемін",-деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар