Нұрсұлтан Назарбаев Индонезия Президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Нұрсұлтан Назарбаев Индонезия Республикасының Президенті Джоко Видодоға көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорда.

Мемлекет басшысы «Lion Air» әуе компаниясының жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан көптеген адамның қаза болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады.

«Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан қаза болғандардың туған-туысқандары мен жақындарына, сондай-ақ барша Индонезия халқына көңіл айтып, қайғыларына ортақтастығымды білдіремін», - делінген жеделхатта.

Еске сала кетсек, Индонезияның Lion Air әуе компаниясының жолаушылар ұшағы бүгін таңертең апатқа ұшыраған болатын. Jakarta Post ақпараты бойынша, ұшақ  жергілікті уақытпен таңғы сағат 6:20-да әуеге көтерілген. 13 минут өткеннен кейін ұшақ радардан жоғалып, онымен байланыс үзілген.

Индонезия құтқару қызметінің ақпараты бойынша, Джакартадан Панкалпинангқа ұшып бара жатқан Boeing 737 MAX 8 ұшағы теңізге құлаған. Бортта қанша жолаушы және экипаж мүшесі болғаны туралы, сондай-ақ ұшақтың неліктен апатқа ұшырағаны жайлы әзірге нақты ақпарат жоқ.

Соңғы жаңалықтар