Нұрсұлтан Назарбаев фин тарапын Қазақстанның көлік әлеуетімен таныстырды

None
None
ХЕЛЬСИНКИ. ҚазАқпарат - Бүгін Финляндия Президенті Саули Ниинистёмен шағын және кеңейтілген құрамдағы кездесулерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның көлік әлеуеті туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпараттың арнаулы тілшісі Хельсинкиден.

«Мен Қазақстанда инфрақұрылым мәселелері бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жайында айттым. Қазақстанның жер көлемі ұланғайыр, әлемде 9-орын алады. Соңғы 4 жылда 4,5 мың шақырым автобан, 2,5 мың шақырым темір жол салдық. Оның ішінде «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автомобиль дәлізі бар. Каспий, Парсы шығанағы арқылы Үндістанға шығу мүмкіндігі пайда болды. Сондай-ақ Финляндиядан алғаш рет Ресей, Қазақстан арқылы Қытайға контейнерлік пойызды іске қостық», - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы халықаралық сарапшылардың пікірінше, Қазақстан өткен жылы «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін табысты өткізгендігін атап өтті. Халықаралық шара аясында өткен Финляндияның Ұлттық күніне ел Президенті Саули Ниинистёнің арнайы қатысқанын еске салды.

«Біз жаңа энергетика тақырыбына қатысты 100 үздік жобаны таңдап алдық, оның 14-і фин жобасы. Қазіргі уақытта «ЭКСПО» орнында «Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылды. Біз фин бизнесін ағылшын тілі, ағылшын құқығы қолданылатын аталған орталықтың жұмысына қатысуға шақырдық. Онда жұмыс істейтіндерге визасыз режім оңайлатылып, салықсыз жұмыс істеу қарастырылған», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Естеріңізге сала кетсек, бүгін Елбасы Финляндия Президенті Саули Ниинистёмен шағын және кеңейтілген құрамда кездесу өткізді. 

Кездесуден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан-Финляндия бизнесмендері 600 млн доллардың келісімшартын жасасқанын атап өтті.

Сапар аясында Мемлекет басшысы кеше фин бизнес капитандарымен жүздесті.  

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Финляндиядан Қазақстан арқылы Қытайға жаңа темір жол бағдары ашылатындығын айтты және фин компанияларын еліміздегі агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларды жүзеге асыруға шақырды.

Фин компаниялары үшін Қазақстанның туризм саласы да тартымды екенін, ІТ-компанияларына да қолайлы жағдай жасалатындығын атап өтті.

 

Соңғы жаңалықтар