Нұрсұлтан Назарбаев: Елорданың халық санын шектемейміз

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорданың халық санын шектеу шаралары қолдану жоспарда жоқ. Бұл туралы Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Qazaqstan» ұлттық арнасына берген сұхбатына негізделген «Қолтаңба» деректі фильмінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сұхбат барысында Елбасы Нұр-Сұлтан қаласының жаңа тарихына тоқталып, болашағына қатысты ойын білдірді. Тұңғыш Президент қаланың о бастағы сәулетін жоспарлауға елеулі үлес қосқан жапон сәуетшісі Кисе Куракаваның еңбегін ризашылықпен еске алды.

«Қала көшелерінің қазір тар болып қалуында Куракаваның кінәсі жоқ. Біріншіден, бәріміздің ойымыз бойынша бұл 500-600 мыңдық әкімшілік қала болуы керек еді. Бұл жерде шенеуніктер, министрліктер жұмыс істейтін Вашингтон сияқты администрациялық қала болады деп жобаладық. Бірақ біздің айтқанымыз келмеді. Қазір 1 млн 200 мың адам бар. 2030 жылға қарай 2 млн адамнан асады. Қаланың өз өмірі бар, оны ешкім тоқтата алмайды», - деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев қаланы халық саны жағынан шектеуге болмайтынын баса айтты.

«Сан жағынан шектеу әрекетін жасауға болмайды. Мысалы, Мексиканың астанасында қазір халық 20 млн адамнан асып кетті. Шектейміз деп, қанша шара қолданса да болмады. Әрине, шектеуге болады біраз. Бірақ ,екінші жағынан, қала болғаннан кейін көпшілік болғаны жақсы. Көпшілік болған кезде сауда жұмыс істейді, әлеуметтік орындарға баратындар болады, туристер, жұмыскерлер көбейеді», - деген Тұңғыш Президент қазір салынатын көшелердің бәрі 6-8 жолақты болуы керектігін еске салды.

«Екінші жағынан, бала көбейеді. Мектеп салу керек, балабақша салу керек. Бірімен-бірі жалғасып жатқан дүние... Тар көшелер ескі қалаға тән. Кейінгі кезде біз көшелерді 6-8 жолақ қып жасап жатырмыз. Кейбір жерлерді кеңейтіп жатырмыз – автокөлік көбейеді, адам көбейеді. Сонда көше тар болып қалмайды», - деді Елбасы.


Соңғы жаңалықтар