Нұрсұлтан Назарбаев елордада БҰҰ аясында өтетін шараларды атады

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі заманауи әлемнің қауіпті әрі құбылмалы жағдайға тап болғаны өкінішті.  Ақордада бірқатар шет елдердің Қазақстанға жаңадан тағайындалған Төтенше және Өкілетті Елшілерінен сенім грамотасын қабыл алу салтанатты шарасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сіздер халықаралық қатынастар жүйесі түбегейлі өзгерістерге ұшырап отырғанын білесіздер. Бүгінгі заманауи әлемнің қауіпті әрі құбылмалы жағдайға тап болғаны өкінішті. Жақында Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас ассамблеясының кезекті сессиясында кейбір елдер арасында сенім дағдарысының одан ары өрши түскені анық байқалды. Өзара сенім орнықпаса дағдарысқа қарсы кез-келген іс-қимылдың оң нәтижесі болмайтынын мен әрдайым айтып келемін. Қазақстан осы процеске бей-жай қарап отырған жоқ. Біз сыртқы саяси стратегиямызда көпвекторлық бағытты, теңгерімді әрі белсенді ұстанымды басшылыққа алып отырмыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Сонымен қатар ҚР Президенті Қазақстан БҰҰ Қауіпсізді кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде әлемдегі қауіпсіздікті сақтауға нақты қадамдар жасау арқылы өз үлесін қосып отырғанын баса айтты.

«Осы айдың өзінде БҰҰ аясында біздің елордамызда екі ірі шара өтеді. Біріншісі - Шекаралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану туралы  конвенцияның сессиясы. Екіншісі - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНЕСЕФ-тің алғашқы медициналық санитарлық көмек жөніндегі жаһандық конференциясы. Ал Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 6-шы съезіне сіздердің  елдеріңізден де делегациялар қатысады деп күтеміз», - деді Елбасы.

Соңғы жаңалықтар