Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
USD 382.38 EUR 428.30
RUB 5.97 CNY 55.39
Jańalyqtar

Нұрсұлтан Назарбаев: Елімізде саяси бәсеке бар

2019 жылғы 23 мамыр 16:52 1126
Бөлісіңіз:
 Нұрсұлтан Назарбаев: Елімізде саяси бәсеке бар

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясынан ұсынылған кандидаттың Республикалық қоғамдық штабына барды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Ұқсас жаңалықтар
Нұрсұлтан Назарбаев билік транзитін әлем басшылары қалай қабылдағанын айтты Елбасы Парламент Сенаты жұмысына баға берді

Елбасы «Nur Otan» партиясы кандидатының Республикалық қоғамдық штабының мүшелерімен кездесіп, өңірлік штаб жетекшілерімен селекторлық кеңес өткізді.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті сайлауалды штабтың жұмысын жіті қадағалап отырғанын айтты.

- Сайлауға 7 кандидат түсті. Бұл - елімізде саяси бәсекенің бар екенін айғақтайды. Кандидаттар түрлі қоғамдық топтар мен бірлестіктердің мүддесін білдіреді. Әр кандидат елімізді және қоғамды дамытудың өз бағдарламасын ұсынды, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы барлық кандидаттарға сайлауалды үгіт-насихат және тұрғындармен жұмыс жүргізу үшін бірдей мүмкіндіктер берілгенін атап өтті. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Штабтың жастар қанатының жұмысына тоқталды. 

- Мен тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап жастарды тәрбиелеу және оқыту мәселесіне ерекше мән бердім. Бұл жұмысты жалғастыра беру қажет. Болашағымыз білімді азаматтардың қолында. Білікті кадрлар дайындай алған мемлекеттердің ғана келешегі жарқын болады. Штабқа танымал тұлғалардың - жастар өкілдерінің енгеніне қуаныштымын. Олардың сайлау науқанына қатысуы өте маңызды.  Жастар Қазақстан халқының елеулі бөлігін - 4 миллионнан астам адамды құрайды. Солардың бәрі Тәуелсіздік жылдары өсіп-жетілді. Жастарымызға зор үміт артамын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев: Елімізде саяси бәсеке бар 

Республикалық және өңірлік штабтардың жұмысы туралы ақпаратты тыңдаған соң, «Nur Otan» партиясының төрағасы сайлауалды бағдарламаны түсіндіру үшін атқарылып жатқан жұмыстардың қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды.     

Елбасы ұлтаралық келісімді нығайту, мемлекеттің стратегиялық даму бағытын дәйекті жүзеге асыру қажеттігіне назар аударды.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті инфрақұрылымды дамыту, өңірлерде тұрғын үй салу, халықтың аз қамтылған топтарын қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру мәселелеріне де тоқталды.

- Қазақстанда жұмыссыздық емес, кәсіптің тапшылығы бар. Сол себептен бірінші жұмысшы мамандығына тегін оқытатын бағдарлама әзірленген болатын. Біз жастар үшін барлық жағдай мен мүмкіндік жасадық, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы, сондай-ақ, халықпен тиімді кері байланыс орнатуға бағытталған «Бірге» атты жалпыұлттық акцияны іске асыру барысын жоғары бағалады.  

- Партия барлық тапсырмалардың орындалуын бақылауға алуды қамтамасыз етуі қажет. Партия жауапкершілікті сезінуге тиіс. Партияның ХVIII съезде қабылдаған 2030 жылға дейінгі бағдарламасын орындау керек. Партия елімізді жаңғыртудың флагманына айналуға тиіс, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Елбасы ел ішіндегі саяси үдерістердің ерекше маңыздылығын атап өтіп, барлық қазақстандықтарды алдағы сайлауға белсенді түрде қатысуға шақырды. 

Нұрсұлтан Назарбаев: Елімізде саяси бәсеке бар 

- Штабтың барлық мүшелері ауқымды әрі маңызды жұмыс атқаруда. Біз жетістікке жететін мықты команда құрдық. Мен еліміздің игілігі үшін қызмет ете беремін. Мемлекетімізде қос билікке жол берілмейтінін атап өткім келеді. Бәріміз халық сайлаған Президентке қолдау көрсетіп, жұмыс істейміз, - деп түйіндеді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

 

 

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059
MURAǴAT