Нұрсұлтан Назарбаев елді табысты дамыту қадамдарын атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Астана экономикалық форумында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан үшін таңдалған бағыттың дұрыс болғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көшбасшы мен халық біртұтас болғанда, мемлекет табысқа жетеді. Ал әзірленген бағдарламалар мен идеялар халықтың толық қолдауымен іске асырылады. Бізде осылай болды, яғни жүргізілген саясат дұрыс болды деп санаймын», - деп тоқталды Елбасы.

Н. Назарбаев жалпы халықтық бес сайлауға қатысқанын және дауыс беру нәтижесінде электораттың негізгі бөлігі қолдау жасап келгенін атап өтті.

«Тұрақтылық пен өзара түсіністік арқасында біз табысқа жеттік деп санаймын. Бұл ретте сарапшылар мен көршілес елдер өздерінің тиісті бағасын беріп жатыр», - деді ҚР Тұңғыш Президенті.

Елбасы өз мандатының аясында жұмысын жалғастыруға және өзінің кандидатурасын ұсыну мүмкіндігі болғанын, сондай-ақ бұрынғысынша халықтың кең қолдауына ие болатынына сенімді екенін жеткізді.

Осы орайда, Н. Назарбаев жаңа қадам керектігін жөн санағанын сөз етті.

«Жаңа команда, жаңа адамдар өздерінің инновациялары мен ойларын іске асырады деп санаймын. Біздің елде стратегиялық бағдарламалар әзірленген. Қазақстан ресурсқа, мұнай мен газға, көптеген пайдалы қазбаларға бай. Сондықтан біздің ел Кеңес Одағы кезінде шикізат жеткізуші ретінде пайдаланылып келді. Қайта өңдеу бағыты дамымады. Менің бастамаммен ҚР Ұлттық қоры құрылып, оның есебінен біз экономиканы әртараптандырдық», - деді Елбасы.

Сонымен қатар Н. Назарбаев Қазақстандағы «Тұңғыш Президент» пен Мемлекет басшысы түсініктеріне байланысты пікір білдірді. «Спикер үшін ыңғайсыздау болып тұр, яғни бірінші «Тұңғыш Президент», содан кейін «Президент» деп таныстыруға тура келеді. Осындай жағдай байқалды. Менің ойымша, Қазақстанда екіжақтылық болмайды. Бір Президент бар және ол басты болады. Ал біз баршамыз оны сайлағаннан кейін, қолдап жұмыс істейтін боламыз», - деді Н. Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар