Нұрсұлтан Назарбаев «Елбасы» киноэпопеясының «Астана» атты фильмін тамашалады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елорда жұртшылығымен бірге «Елбасы» киноэпопеясының «Астана» атты фильмін тамашалады. Халық көпшіліктің назарына бүгін ғана ұсынылған туынды Елбасының шығармалары желісінде түсірілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фильм Астананың 20 жылдық мерейтойын өткізу қарсаңында Ақордада Елбасының төрағалығымен өткен кеңес отырысымен басталып, одан ары Қазақтың елордасын Алатау бөктерінен Арқа төріне көшіру шешімі қабылдаған сындарлы жылдарға ойысады. Иә, Қазақстан Президентінің астананы ауыстыру бастамасын сол уақытта көпшілік қолдай қойған жоқ. Тіпті сол кездегі еліміздің жоғары заң шығарушы органы ҚР Жоғарғы кеңесінің депутаттары да екіге жарылып, қолдаушылар да, қарсылық танытушылар да табылған еді. Дегенмен, 1994 жылдың 6 шілдесінде Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы кеңестің жалпы отырысында неліктен қазақ елордасын көшіру қажеттігін депутаттарға бұлтартпас дәлелдермен дәйектеп, келісімін алғаны фильмде шынайы көрсетілген.

Депутаттардың келісімін алғаннан кейін де Ақмоланы еліміздің бас қаласына айналдыру жолындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың жанқиярлық ерлігі  ашып көрсетілген. Арқа төсінде жаңа шаһар салуға белсене кіріскен Мемлекет басшысы Үкімет құрылымдарына қажетті ғимараттар, қызметкерлерге арналған тұрғын үйлер салу ісінде де көп қиыншылықтарды бастан кешеді. Осы тұста жарының қиналып жүргенін сезген Сара Алпысқызының елорданы ауыстыруды кейінге қалдыра тұруды өтінгені, оған Нүрсұлтан Әбішұлының алған беттен қайтпайтындығын айта келе: «Ендігі тағдырым жаңа астанамен ғана байланысты» дегені өте ұтымды шыққан.

 Жалпы Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихын қалыптастыру, оның ішінде елордамыз Астананы салу жолындағы Тұңғыш Президентіміздің өмір жолы бейнеленген фильмді астаналықтар ризашылықпен қабылдады. Оған фильм барысында Елбасының айтқан ұтымды ойларына көрерменнің зор қошемет көрсетіп отыруынан-ақ байқалды.

Басты рөлдерде Мұрат Ахманов, Жан Байжанбаев, Олег Ли, Азат Сейітметов, Асқар Ілиясов, Гүлнар Жақыпова ойнайды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен туындыны Қазақфильм  мен Сатайфильм киностудиялары түсірген.

null 

Соңғы жаңалықтар