Нұрсұлтан Назарбаев: Ел бірлігі - ең бірінші қазақтың өзіне керек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаһандық көштің басында жүретін мерейлі ел болу үшін бірлік пен ынтымақ алдымен елімізге, қазаққа керек. Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.    

Тоқтала кететін жайт, бірлескен отырыста Президент өзінің «Бес әлеуметтік бастамасын» жария еткен болатын.

«Бүгінгі бастамалар еліміз тұтас, қоғамымыз тұрақты болғанда ғана табысты жүзеге асады. Өткен 26 жыл тәуелсіздік ішінде біз осы қағиданы ұстанғандықтан ғана белестерді еңсердік. Ал ел бірлігі - ең бірінші қазақтың бірлігі екенін айтып келемін. Жаһандық көштің басында жүретін мерейлі ел болу үшін бірлік пен ынтымақ алдымен елімізге, қазаққа керек», - деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Президент тарихтың өзі дәлелдеген ақиқатты мысалға келтіріп, «халқымыз бірлікте болса - күшейгенін, бірлігі қашса - әлсірегенін» де еске салды.

«Қасқа жолды Қасым хан өз заманында жұртын жұдырықтай жұмылдыра білгенінің арқасында қазіргі қазақ жерінің негізгі аумағын біріктірді. «Ел бірлігі ел теңдігі» деген сол кезден қалған еді. «Қазақ ордасының Ликургы» Әз Тәуке елін татулыққа ұйыта білгендіктен қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнатты. «Байлық байлық емес - бірлік байлық» деген сол заманнан қалды. Ел басына күн туған кезде барша қазақ Абылай ханның ақ туының астына жиналған соң ғана жерін жаудан тазарта алды. «Біріккен жүз бытыраңқы мыңды алады» деген қағида сол кездегі бабаларымыздан қалды. Қазақтың осынау үш ханы - ел тарихындағы үш асқар тау, ал оларды асқақтатқан - ел бірлігі. Ел мен Елбасы бірге болған кезде ғана барлық жеңіске жетеміз, алынбайтын қамал болмайды. Алтыбақан алауыздықтың кесірінен еліміз аңырап, жеріміз қаңырап қалған кездерді тарихтан жақсы білеміз», -деді Н. Назарбаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы тарихтың ащы сабағын еске салып, өткенге қарап ертеңді түзеу қажеттігін атап өтті. «Өткеннің өнегесі - бүгінгі күннің баға жетпес байлығы. Осыны жадында тұтып, тарихтан тағылым ала білген халқымыз тәуелсіздік дәуірінде татулық пен бірліктің, тыныштық пен тұрақтылықтың арқасында талай табыстарға кенелуде», - деді Елбасы.

Соңғы жаңалықтар