Нұрсұлтан Назарбаев ЕАЭО елдеріне бірігіп ұшақ шығаруды ұсынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық одақ елдері бірігіп ұшақ шығаруды қолға алулары керек. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еуропалық одақтағы Airbus концерні сияқты қатысушы елдердің барлығын біріктіретін жобалар қажет. Олар ядроға айналады. Біздің бірлестікте өндіріс жағынан да, техникалық әлеуеті жағынан да Ресей маңызды орын алатындығын мойындау керек. Тура сол Airbus ұшақтары Еуропа елдерінің көпшілігінде шығарылады. Қосалқы бөлшектері анда, мында деп кете береді. Барлық елдер жұмылдырылған және барлық ел пайда тауып отыр. Барлық елдер жұмыс орындарын ұсынады», - деді ҚР Тұңғыш Президенті.null

Сонымен қатар Елбасы Оңтүстік Азияның ортақ авиациялық компаниясын да мысалға келтірді.

«Қысқа қашықтықтарға қатынайтын өзіміздің ішкі өңірілк ұшақтар жетіспейді. Біз оларды шығара аламыз. Ауыл шаруашылығы үшін де авиация жетспейді. Оны да өзіміз шығара аламыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Жоғары ЕЭК Құрметті төрағасы қазіргі сауда соғыстары жағдайында нарықтарды игерудің жаңа стратегиясын әзірлеу қажеттігіне назар аударды. Бұл ретте Америка мен Қытай арасындағы сауда соғысының салдарынан қытай нарығында тауар тапшылығы орын алатындығы еске салды.

«Осы олқылықты зерделеп, неге өзіміздің тауарларымызды ұсынбасқа? Біз мұнан пайда ала аламыз. Осы және өзге де бастамаларды ескере отырып, 2025 жылға дейінгі жол картасын әзірлеуді ұсынамын», - деді Елбасы.

Айта кетейік, кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, РФ Президенті Владимир Путин, Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян, сонымен қатар Молдова Республикасының Президенті Игорь Додон ЕАЭО жанындағы бақылаушы мемлекеттің басшысы ретінде, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон құрметті қонақ ретінде қатысып отыр.

Жалпы отырыс барысында Мемлекет басшылары ЕАЭО дамуының өзекті мәселелері мен болашағын талқылайды. Атап айтқанда, цифрлық дамудың, Одақтың халықаралық қызметінің күн тәртібінде тұрған мәселелері, сондай-ақ 2019-2020 жылдарға арналған макроэкономикалық саясаттың негізгі бағдарлары қарастырылады.

Саммит соңында Жоғары Еуразия экономикалық кеңесіне мүше мемлекеттер басшыларының ЕАЭО туралы Келісімнің 5 жылдығына орай Бірлескен мәлімдеме жасауы, сондай-ақ бірқатар халықаралық құжаттарға қол қоюы жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар