Нұрсұлтан Назарбаев Брюссельде Еуропаның іскер топтар өкілдерімен кездесті

None
None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Брюссель қаласында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуропаның іскер топтар өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Нұрсұлтан Назарбаев кездесуге қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Еуропа елдері Қазақстанның сауда-экономика және инвестиция салаларындағы маңызды серіктестері саналатынын атап өтті.

- Тәуелсіздік жылдары Қазақстанға Еуропадан 180 миллиард АҚШ долларынан астам тікелей инвестиция тартылды. Біз Еуропа қайта құру және даму банкімен тығыз ынтымақтастық орнаттық. Осы жылдар ішінде бұл банк жалпы құны 7 миллиард еуродан асатын жобаларды қаржыландырды, - деді Қазақстан Президенті.

null Мемлекет басшысы соңғы жылдары Еуропа елдерімен тауар айналымы тұрақты түрде өсіп келе жатқанын айтып, Қазақстанда Еуропа капиталының қатысуымен түрлі салаларда 3 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейтінін атап өтті.

- Біздің серіктестеріміздің қатарында «Альстом», «Линде Груп», «Эр Ликид», «Данон», «Викат», «Хайдельбергцемент» сияқты ірі компаниялар бар. Бұлар жемісті жұмыс жүргізіп, заманауи өндірістер құруда, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашып, табыс табуда, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Еуропа өнімдерінің тұтыну нарығын кеңейту аясында бизнесмендерге еліміздің географиялық жағдайының артықшылықтары туралы айтты.

- Қазақстан арқылы Қытай мен Азияның басқа елдерін Ресей, Каспий теңізі және Қара теңіз, сондай-ақ Иран мен Түркия арқылы Еуропамен байланыстыратын 5 темір жол және 6 автомобиль жолы өтеді. Енді Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға және кері қарай жөнелтілетін жүк тасымалы теңіз жолына қарағанда 4 есе қысқарады, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсарту және бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдайлар туғызу мәселелеріне ерекше тоқталды.null

- Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Инвестициялар жөніндегі комитетінің қауымдастырылған мүшесі саналады және Халықаралық инвестициялар жөніндегі декларацияға қосылды. Біздің елімізде Президент жанындағы Шетел инвесторларының кеңесі жұмыс істейді. Оған мүше болып отырған 33 шетелдік компанияның 13-і - Еуропа өкілдері. Бізде 66 елдің, соның ішінде Еуропаның 33 елінің азаматтары үшін визасыз режім енгізілді, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы экономика саласын цифрландыру мен инновациялық экожүйені дамытудың маңыздылығын атап өтіп, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселелеріне назар аударды.

- Біздің елде Назарбаев Университеті және Инновациялық технологиялар паркі сияқты инновациялық кластерлер жұмыс істеуде. Биыл Астанада ІТ-стартаптардың жаңа «Астана Хаб» халықаралық технопаркі іске қосылады. Оны әлемнің ІТ-кәсіпкерлері мен инвесторларын тартатын тұтас инфрақұрылымға айналдыру көзделіп отыр. Технопарк жұмысына қатысушылар жеңілдетілген виза мен еңбек режімдерін пайдалана алады, сондай-ақ оларға салық жеңілдіктері де ұсынылатын болады, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.null

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстанның ірі компанияларының ІРО-ға шығуы және мемлекет-жекешелік әріптестің аясында ынтымақтасуы тұрғысынан еуропалық инвесторлар әлеуетінің маңызды екенін айтты.

Қазақстан Президенті агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қолдау көрсету жөнінде атап өтіп, жаңа технологияларды енгізу арқылы өнімділікті арттыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін келешекте экспортқа шығару мақсатымен қайта өңдеу бұл саланың негізгі басымдығы болып саналатынын айтты.

- Біз туризмді өркендетуге зор мән береміз. Бізде Туристік саланы дамыту тұжырымдамасы жүзеге асырылуда. Қазақстанның алуан түрлі ландшафты, бай мәдениеті мен тарихы және осы саладағы еуропалық компаниялардың мол тәжірибесі өзара пайдалы болар еді деп ойлаймын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.null

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жиынға қатысушыларға «ЭКСПО» көрмесінің инфрақұрылымы базасында жұмыс істейтін және еліміздегі әрі өңірдегі «жасыл» жобаларды жүзеге асыруға септігін тигізетін «Жасыл» технологиялар мен инвестициялық жобаларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық туралы айтты.

- Елордада «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмысын бастады. Оның құқықтық мәртебесі конституциялық заңмен бекітілген, ал жұмыс тілі - ағылшын тілі. Бұл қаржы орталығының жұмысына қатысушыларға 50 жылға дейін салықтық жеңілдіктер қарастырылған, сондай-ақ, олар үшін жеңілдетілген валюталық, визалық және еңбек режімдері көзделген. Бұл - қызметі ағылшын құқығына негізделген өңірдегі бірден-бір орталық. Сіздердің компанияларыңызды осы қаржы орталығының жұмысына атсалысуға шақырамын, - деді Қазақстан Президенті.null

Соңында Мемлекет басшысы бұл кездесудің елдеріміз арасындағы өзара тиімді серіктестікті одан әрі нығайта түсетініне сенім білдіріп, қатысушылардың бәріне табыс пен бақ-береке тіледі.

Еске сала кетейік, Елбасы Брюссель қаласына «Азия-Еуропа» Форумының (АСЕМ) 12-ші саммитіне қатысу үшін келді.

Сондай-ақ, Бельгиядағы Корольдік сарайында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бельгия Королі Филиппен кездесті.

Соңғы жаңалықтар