«Нұрсұлтан Назарбаев: бейбітшілік және қоғамдық келісім идеясы» атты кітап оқырманға жол тартты

None
None
АСТАНА. Шілденің 2-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы Ғылыми-сараптық кеңес «Нұрсұлтан Назарбаев: бейбітшілік және қоғамдық келісім идеясы» атты кітаптың тұсаукесерін өткізді.

Шара барысында сөз алған ҚХА Төрағасының орынбасары - Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов кітаптың таныстырылымына жиналғандарды алдымен Астана күні мерекесімен құттықтай келе, «қысқа ғана уақыт ішінде Астана бүкіл елге, дүниежүзіне танымал, алдыңғы қатарлы елдердің қай-қайсысынан да кем түспейтін астанаға айналды. Бүгінгі күні Астана мәдени ғана емес, сонымен қатар саяси да үлкен орталық», деп атап өтті.

Осыдан кейін ол жиынға қатысушыларға авторлық ұжымды таныстыра келіп, оқырман қолына тиіп отырған монографиялық еңбекке тоқталды.

«Нұрсұлтан Назарбаев: Бейбітшілік және қоғамдық келісім идеясы» кітабында соңғы кезеңдерге дейінгі 15 жыл ішіндегі Президенттің ҚХА-ның әр сессиясында сөйлеген сөздеріне ғылыми тұрғыдан терең талдаулар жасалып, қарастырылды. Бұл жай ғана Президенттің сөзі ғана емес, ол сол кездегі мемлекетіміздің басындағы мәселелер, түрлі қиындық мәселелері, әлеуметтік мәселер, алда тұрған нақты-нақты проблемалар болатын», деді Е.Тоғжанов.

Оның атап өтуінше, монографиялық еңбекте шетелдік қоғам қайраткерлері мен ғалымдардың Қазақстандағы ұлттық саясаттың даму үдерісіне, этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісім үлгісіне қатысты айтқан ой-толғамдары мен түсініктемелері де қоса берілген. Түсініктемеде қазақстандық үлгіні қалыптастырудағы басты қозғаушы күш ретінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі ерекше аталған.

Тұсаукесерге Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары - Хатшылық меңгерушісі Е.Тоғжанов, кітаптың авторлық ұжымы, ҚР Парламентінің депутаттары, ҚХА жанындағы Ғылыми-сараптамалық кеңестің мүшелері, мемлекеттік орган, жоғары оқу орындары, этномәдени бірлестік және БАҚ өкілдері қатысты.

Кітап қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде 2100 дана таралыммен жарыққа шықты.

Соңғы жаңалықтар