Нұрсұлтан Назарбаев Бельгия Королі Филиппен кездеседі

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы аптада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бельгия Королі Филиппен кездеседі. Бұл туралы бүгін өткен брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бельгия Корольдігінің Брюссель қаласында 18-19 қазанда «Азия-Еуропа» форумының (АСЕМ) 12-ші саммитіне аясында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Бельгия Королі Филиппен екіжақты кездесуі өтеді. Қазақстан АСЕМ мүшесі болып табылатын Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет», - деп тоқталды ол.

Сапар барысында Мемлекет басшысы машина жасау, металлургия, химия өнеркәсібі, цифрлық технологиялар, азық-түлік өнеркәсібі және мұнай саласында жұмыс істейтін 30-ға жуық еуропалық ірі компания өкілдерімен, сондай-ақ қаржы институттарының басшыларымен кездеседі.

«Азия-Еуропа» форумының маңыздылығы әлемдік жалпы ішкі өнімнің басым үлесін 60 пайыздан астам қамтамасыз ететін Батыс Еуропа және Шығыс Азия елдері кіретін қатысушылардың құрамымен анықталады. Қазіргі уақытта аталған форум алаңында экономикалық мәселелерден бөлек, жаһандық әрі өңірлік қауіпсіздіктің өзекті тақырыптары да талқыланады», - деді Айбек Смадияров.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Финляндия Республикасының Президенті Саули Ниинистёнің шақыруымен 16-17 қазанда Финляндияға ресми сапармен барады.

 

Соңғы жаңалықтар